Үш жылда Қазақстанның барлық облыстары бойынша тарих және мәдениет ескерткіштерінің жинақтарын шығару жұмысы аяқталады - Мәдениет және ақпарат министрі М. Құл-Мұхаммед
Бұл туралы бүгін Астанада өткен 2009-2011 жылдарға арналған «Мәдени мұра» Ұлттық стратегиялық жобасын жүзеге асыру жөніндегі Қоғамдық кеңестің кезекті отырысында Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның сөзіне қарағанда, тарихи-мәдени мұраны кешенді зерделеу, жаңа ғылыми жобаларды әзірлеу тарауы бойынша еліміздің барлық облыстарындағы тарих және мәдениет ескерткіштерінің жинақтарын шығару мәселесі күрделірек болып тұр. Бұл жұмыстар өңірлерде жүзеге асырылатындықтан, орталықтан араласудың мүмкіндігі болмауда. Қазірге дейін Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Ақмола облыстарының және Алматы қаласының тарих және мәдениет ескерткіштерінің жинақтары жарық көрген. Биыл Павлодар және Ақтөбе облыстары бойынша жинақтар шығарылады.
«Қалған облыстар бойынша да бұл бағыттағы жұмыстар қозғауға түсті. Ары кеткенде 2-3 жылдың ішінде Қазақстанның барлық өңірлері бойынша тарих және мәдениет ескерткіштерінің төлқұжаты, сипаттамасы, суреті, қазіргі жағдайы түгел көрсетілген арнайы жинақтар шығарылатын болады. Сөйтіп біз бұл жобаны аяқтаймыз», деді М. Құл-Мұхаммед.
Оның айтуынша, бұл жұмыспен министрліктің Мәдениет комитеті қарқынды айналысып жатыр.