Ұйымдасқан қылмыспен күрес, есірткі заттарының заңсыз айналымы және заңсыз көші-қон мәселелері әр елде жаңа қауіптер тудырып отыр - ШЫҰ Бас хатшысы

Бұны бүгін ШЫҰ-ның Бас хатшысы Мақұлбек Иманалиев ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің Ішкі істер және қоғамдық қауіпсіздік министрлері кеңесінің екінші мәжілісінің ашылу рәсімінде айтты.
Оның сөзінше, бұл бірінші кезекте ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің алдында тұрған маңызды міндет. «Біз атап өткен трансшекаралық қылмыстық әрекеттер бойынша ШЫҰ-ға мүше елдердің ішкі істер және қоғамдық қауіпсіздігі саласында жаңа нәтижелі тәжірибе қалыптасты. Бұл тәжірибе бізде қылмыстармен күресте бірлескен қимылдардың көпқырлы, жан-жақты тетігін қалыптастыруға мүмкіндік берді. Бұл ретте, әрине ШЫҰ-ға мүше елдердің Ішкі істер министрлері және қоғамдық қауіпсіздік кеңесінің үлкен рөл атқарғаны сөзсіз. Осы жиын барысында қазіргі заманға қауіп төндіріп отырған қылмыстарға қатысты өзекті мәселелер талқыланып қана қоймай, олармен күресте бірлескен халықаралық ынтымақтастықтың тиімділігін арттыру бойынша да келісімдер жасалып келеді»,-деді ШЫҰ Бас хатшысы.
Сондай-ақ ол өз сөзінде Ішкі істер және қоғамдық қауіпсіздік министрлері кеңесінде қылмыстарды анықтау мен оларды ашу бойынша жақсы тәжірибе қалыптасқанын атап көрсетті.
«Халықаралық деңгейдегі ұйымдасқан қылмыс, заңсыз есірткі айналымы және заңсыз көші-қон қылмыстарымен байланысты қалыптасқан қазіргі жағдай біздің елдердің ішкі істер органдары мен қоғамдық қауіпсіздік саласына бірлескен қимылдардың тиімділігін арттыруда қосымша шаралар қолдануға мәжбүрлеп отыр. Сондай-ақ, лаңкестікпен күресте де ынтымақтастық шараларын жетілдіре беру маңызды. Осыған қарай бүгінгі Ішкі істер министрлері мен қоғамдық қауіпсіздік кеңесінде қабылданған шешімдер ШЫҰ-ға мүше елдердің ішкі істер саласының бірлескен қимылдарына тың серпін береді және ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын ашады деген үміттемін»,-деді Бас хатшы.