Ұзақ мерзімге сақталатын павлодарлық картопқа ресейліктер қызығуда
Павлодар ауданының әкімі Александр Бабенконың айтуынша, биыл көрші елдің аграршылары мол өнім алған. Дегенмен, картопқа ылғал шамадан тыс бөлініп, күн сәулесі жетпеген жағдайда өнімнің сапасы төмендейді.
«Біздің жердің құнарлығы жоғары. Орташа есеппен алғанда топырақтың бонитеті 11 баллды құрайды. Мәселен, бүгін ғана Шығыс Қазақстан облысынан келген «Акулов» деген ірі кәсіпорын басшысымен кездестім. Өсімдік және мал шаруашылығымен айналысатын кәсіпорын иесі ол жақта топырақ бонитеті 8,3-ті құрайтынын айтады. Демек, біздің жер картоп пен көкөніс өсіру үшін өте қолайлы. Бұған қоса, Алматы мен Астанада картопты «павлодарлық» деп саудалайды. Себебі, Павлодар облысының картобы өзіндік бренд пен сапалы өнімнің кепілі болады», - дейді Александр Бабенко.
Аудан басшысының айтуынша, биыл күзде аграршылар былтырмен салыстырғанда мың тоннаға артық өнім жинаған. 2015 жылы 103-105 мың тонна картоп алынған. Өткен жылы картоптың келісі шамамен 30-40 теңге болса, 2016 жылы 50-55 теңгені құраған.