В.Божко: Ассамблея алдында үлкен міндеттер тұр (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазіргідей сындарлы кезеңде Қазақстан халқы Ассамблеясы алдында үлкен міндеттер тұр. Бұл туралы Орал қаласындағы Достық үйінде облыстық ассамблея мүшелерімен, облыстық және қалалық мәслихат депутаттарымен кездескен ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары Владимир Божко мәлім етті.
None
None

Оның айтуынша, Елбасы бастамасымен құрылған Ассамблея бүгінгі таңда беделді де ықпалды, сөзі өтімді бірегей ұйымға айналды. Биыл «Мәңгілік ел» патриоттық актісінің қабылдануы ерекше оқиға болды. Енді оның орындалуына барынша жіті мән берілуі керек. Бұл үшін үнемі мониторингі жасап, қажетті іс-шараларды алып отырудың маңызы зор. Ең бастысы, ел бірлігін арттыру жолында Ассамблея мүмкіндіктерін кеңінен пайдалана білу керек. Бұған, сөз жоқ, Ассамблеядан сайланған 9 Мәжіліс депутаты да өз үлестерін қосады.

Айталық, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында көрсетілген бірлік пен біртектілік идеяларына сәйкес Мәжілісте бес жұмыс тобы құрылды. «Ондағы мақсат - Парламенттің мемлекеттік басқару құрылымдарына ықпал ете алатын құзыретін пайдаланып, ұлттық идеяларды жүзеге асыру. Бірінші кезекте - заңнамалық құжаттар. Біз Парлментке түскен заң жобаларын қарау кезінде осы мәселелерге жете мән беретін боламыз. Мұның бәрі бюджетті жасақтау кезінде де ескеріледі. Сайлаушыларымызбен кездескен кезде олар Парламент жұмысы туралы көбірек айтсаңыздар екен деп өтініш білдіріп жатады. Мысалы, бүгінгі таңда біз 22 заң жобасын қарау үстіндеміз. Оның бірі - «Жайылымдық жерлер туралы». Жер туралы заң секілді ол заң жобасы да үлкен дау тудырмас үшін оны жан-жақты талқылап жатырмыз. Бүгінде біздің қоғамда өзекті болып табылатын төлем және төлем жүйесі, кен орындары мен кен орындарын пайдаланушылар, тұрғын үй қатынасы, электр қуаты сынды мәселелерді қамтитын заңнамалар да қарастырылу үстінде. Бізде «Парламент сағаты» өтеді.
Оған түрлі министрлік, ведомство басшылары келіп, өз есептерін береді. Таяуда Мәдениет және спорт министрінің баяндамасында спортқа бөлінетін қаржының тек 15 пайыз бұқаралық спортқа бағытталатыны айтылды. Яғни көпшілікті, соның ішінде жас ұрпақты салауатты өмір салтын ұстануға тәриелеу, спортқа кеңінен тарту ісінде әлі де олқы тұстар жетерлік. Одан кейін Ішкі істер министрі есеп берді.
Халық қалаулылары жергілікті полиция қызметіне байланысты сауалдарын жолдады. Сөздің шыны керек, аты өзгергенімен, оның заты өзгерген жоқ. Учаскелік инспекторлар өз аумағының тұрғындарын білмесе, тұрғындар да оны танымайды. Олардың халықпен байланысын дамытуға бағытталған жұмыс та мәз емес. Сондай-ақ депутаттар Әділет, Білім және ғылым, Ауыл шаруашылығы министрлерінің де есептерін тыңдап, өз сын-ескертпелерін айтты. Жалпы алғанда, біздің сайтымыз арқылы Парламент қабырғасында қандай жұмыстар атқарылып жатқандығы, қандай заңнамалар қабылданып, қандайы қаралу үстінде екенін білуге болады. «Парламент сағатына» кім келгенін, оған қандай сұрақтар қойылғанын, қандай жауап алынғаны да жазылады. Сайтта әрбір депутаттың өз парақшасы жасақталып, оның қандай депутаттық сауал жолдап, ақпарат құралдарында қандай мақалалары шығып, қандай хабарға қатысқаны жөнінде де мәлімет бар», деді В.Божко.

Жиында Мәжіліс төрағасының ұсынысы бойынша «Қазақстандағы орыс, славян және казак ұйымдарының ассоциациясы» заңды тұлғалар бірлестігі облыстық филиалының үйлестіру кеңесі құрылып, оның жиырма мүшесі сайланды. Көпшіліктің ұйғарымымен кеңес төрағасы болып облыстық мәслихаттың депутаты Иван Енютин, оның орынбасары болып БҚО орыс мәдениеті орталығының төрағасы Сергей Погодин белгіленді.

Жиында облыс әкімі, Қазақстан халқы БҚО ассамблеясының төрағасы Алтай Көлгінов өңірдегі осы бағытта атқарылып жатқан шаралар, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы айтып берді. Сондай-ақ этномәдени бірлестіктер өкілдері мен депутаттар көкейде жүрген сауалдарын қойып, өз ой-толғамдарымен бөлісті.

null null  

Соңғы жаңалықтар