В.Косарев: Экономиканың бәсекеге қабілеттілігінің басты ресурсы - еңбек

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Экономиканың бәсекеге қабілеттілігінің басты ресурсы - еңбек. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің сайлауына қатысатын еліміздегі алты саяси партия өкілдері арасындағы теледебат барысында Қазақстан халықтық коммунистері партиясының өкілі Владислав Косарев осылай мәлімдеді.

Коммунистер өкілінің айтуынша, экономиканың барлық секторындағы еңбектің жоғары өнімділігі тұрақтылықты, ел экономикасының өсімін толыққанды қамтамасыз етеді.

«Халықтың игілігі қарапайым халықтың өз қолында болуы тиіс. Шетелдік капиталистер оларға қожайындық етпеуі үшін, біздің ұлттық байлығымызға ауыз салмасы үшін қоғам мен мемлекеттің тұтастай қажырлы еңбегі керек. Еңбек арқылы өндірілген әрбір тауар біздің барлық азаматтарымызға, тіпті табысы аз азаматтарға да қолжетімді болуы шарт. Сондықтан да, біз экономиканы коммунистік қағидатқа сүйене отырып, яғни еңбегіне қарай көтермелеу қағидатына сүйене отырып қалыптастыруға шақырамыз», - деді В. Косарев.

Еске салайық, үш раундтан тұратын пікірсайыстың алғашқы бөлігі «Әлемдік экономиканың нақтылығы: проблемалары мен перспективалары» деп аталған болатын. Екінші раундта саяси пікірсайысқа қатысушылар «Қазіргі жағдайдағы инфрақұрылым, көлік, логистика» тақырыбында өз ойларын ортаға салды. Соңғы раундта пікірсайысқа қатысушы партиялардың өкілдері өз сайлаушыларына үндеу арнауына мүмкіндік алды.

Саяси партиялар өкілдерінің арасындағы пікірсайысқа «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Асқар Мырзахметов, ҚХКП Владислав Косарев, «Ауыл» партиясынан Әли Бектаев, «Ақ жол» партиясынан Азат Перуашев, «Бірлік» партиясынан Роза Қуанышбаева, ЖСДП Зәуреш Батталова қатысты. Пікірсайыс «Хабар» арнасы арқылы көрсетіледі деп жоспарланған.

Соңғы жаңалықтар