Вакцина егу жағынан Қазақстан Ресейден алда келе жатыр - Мәскеудегі Педиатрия институтының профессоры
Конференцияда иммундау бағдарламасы бойынша жеткен жетістіктер, вакцинамен ауыздықталатын инфекциялар төңірегіндегі қазіргі эпидемиологиялық ахуал, иммундау тактикасы және Қазақстан мен Еуропа елдерінде қолданылып жүрген инновациялық құрама вакциналардың сипаттамасы талқылануда.
«Еуропалық иммундау апталығы өтетін күндері еліміз аумағында түрлі конференциялар, дөңгелек үстелдер ұйымдастырылады. Оған ғалымдар, медицина қызметкерлері, педагогтар, діни және үкіметтік емес ұйымдар өкілдері қатысады. Мамандардан консультация алу үшін «ашық есік» күндері ұйымдастырылып, «шұғыл желі» қызмет етеді. Салауатты өмір салты жөніндегі түсінігін кеңейту мақсатында мектеп оқушылары арасында сурет салудан, шығарма және диктант жазудан байқаулар өткізіледі», дейді Ұлттық салауатты өмір салтын қалыптастастыру орталығының директоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор Жәмила Баттақова.
Мәскеу қаласындағы Педиатрия институтының профессоры, медицина ғылымдарының докторы Владимир Таточенконың сөзіне қарағанда: «Егу кестесіне енгізілетін әрбір вакцинаны мұқият зерттеп, талқылайтын консультативтік комитет құрған Қазақстан өзге елдерден, соның ішінде Ресейден де бір қадам алға озып шықты. Қазақстанның ұлттық профилактикалық егу кестесі сапасы жоғары әрі қауіпсіз заманауи екпелер қолдану жағынан ТМД-дағы жекелеген мемлекеттердің кестесінен ерекшеленеді. Мысалы, мұнда 5 жылдан бері Хиб-инфекцияларға қарсы вакциналар енгізілген. Бұл аурулар жыл сайын әлем бойынша мыңдаған нәрестенің өмірін қиып отыр. Оны жұқтырған балалар мүгедек болып қалған жағдайлар жетіп-артылады».
Қазақстанда егілетін пневмококқа қарсы вакцина 1 жасқа дейінгі мыңға жуық баланы өлімнен арашалап қалады. Республика дәрігерлерінің полиомиелитті ауыздықтау бағытында қол жеткізген табыстары полиомиелитке қарсы инактивтелген вакцинаны енгізуге мүмкіндік берді. Ал, 2013 жылдан бастап кішкентай қазақстандықтар соңғы кезде әлемде көкжөтелге қарсы қолданылып жүрген капсуласыз вакцинаға қол жеткізді. Бұл - үлкен жетістік. Ол Қазақстан ғалымдары мен дәрігерлерінің және Иммундау жөніндегі ұлттық консультативтік комитет қызметкерлерінің бірлесе атқарған жұмыстарының нәтижесі деуге болады.