«Валют-Транзит» қаржы-өнеркәсіптік тобының экс-президенті өзіне қойылған талап-арызбен келіспей отыр
«Қойылып отырған талап-арыздардың барлығын мойындамаймын»,- деді сотталушы өз сөзінде. Ол сондай-ақ, өз түсініктемелерін кешірек сотта беруге әзір екенін айтты.
Бүгін сот мәжілісінде мемлекеттік айыптаушы тараптың өкілдері айыптау үкімін оқыды. Одан кейін жәбірлеуші тараптың атынан «Валют-Транзит Банк» акционерлік қоғамын тарату комиссиясының өкілі және ең белсенді салымшылардың бірі, Ұлы Отан соғысының ардагері Григорий Степенко сөз сөйледі. Одан кейін судья куәгерлерді шақырды. Бірінші болып қаржы-өнеркәсіптік тобының және «Валют-Транзит» банк тобының бұрынғы қызметкері Татьяна Владимирова шақырылды.
Соттың шешімі бойынша, сот амалы ашық режимде өтуде, фото- және бейнетүсіруге, аудиожазбаға рұқсат етілген. Сотталушының қорғаушысы БАҚ өкілдерінің қатысуына наразылық білдіргенімен, А.Біләловтың өзі бұл туралы сотқа ешқандай өтініш жасаған жоқ. «БАҚ-тың қатысуына қарсы емеспін», деді ол судьяның сауалына берген жауабында.
Куәгерлерден жауап алу процедурасы жалғасатын кезекті сот отырысы бейсенбіге, қыркүйектің 30-ына белгіленіп отыр.
Бұдан бұрын хабарлағандай, «Валют-Транзит» қаржы-өнеркәсіптік тобының экс-президентіне қатысты кезекті қылмыстық істі прокуратура қозғаған болатын. Істі тексерумен арнайы прокурор Мұхамедкәрім Бектұрсыновтың жетекшілігімен ҚР Бас прокуратурасының тергеу тобы айналысты. Тергеу, А.Біләловтың бастаған қылмыстық қоғамдастықтың банктен 30 миллиардтан астам теңге соманың ақшалай қаражатын заңсыз шығарғанын және оқшаулағанын анықтады. Бұрынғы банкирге Қылмыстық кодекстің сегіз бабы бойынша, оның ішінде алаяқтық, алдау немесе өзіне артылған сенімге қиянат жасау арқылы мүліктік шығын келтіру, жалған кәсіпкерлікпен айналысу, банктің ақшалай қаражатын заңсыз пайдалану, өкілеттігін асыра пайдалану, қылмыстық топ құрып, оған жетекшілік ету, құжаттарды, мөрлерді ұрлау және жалған құжаттар жасау сияқты айыптаулар тағылып отыр. Бұл қылмыстар үшін 10 жыл мен 15 жылдың аралығында бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Бұл қылмыстық іс бойынша процесті Қазыбек би аудандық сотының төрағасы Ербол Рахымбеков жүргізуде. Қылмыстық істің материалдары 139 томды құрап отыр және куә ретінде 200 адам тартылған.
Естеріңізге сала кетейік, А.Белялов «Валют-Транзит» компаниясының басшысы кезінде жасаған қаржылық қылмыстары үшін 2008 жылы 3,5 жылға кесілген болатын. Бұл мерзім 2010 жылдың тамыз айында аяқталды, бірақ оған дейін оның үстінен жаңа қылмыстық іс қозғалды.