Вашингтонда энергетикалық әріптестік бойынша бірлескен қазақстан-американ комиссиясының 9-отырысы өтеді
Оны ҚР мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев пен АҚШ энергетика министрінің бірінші орынбасары Дэниел Понеман басқарады, деп хабарлады ҚР-ның АҚШ-тағы елшілігінің баспасөз қызметі.
Тараптар екі күн бойы төрт салада: атөм өнеркәсібі және таратпау мәселелері; көмірсутектер энергетикасы; электр энергетикасы; энергияның қалпына келтірілетін көздері және энергия үнемдеу мәселелері бойынша одан әрі бірлескен жұмыстар бағыттарын айқындайтын болады. Вашигтондағы кездесу нәтижесінде Астанада 2011 жылғы Комиссияның бұдан бұрынғы отырысында қабылданған осындай жоспарды жүзеге асырудың табысты тәжірибесіне негізделген 2012-2013 жылдарға арналған аталған салалардағы энергетикалық әріптестікті жүзеге асыру жөніндегі Қазақстан мен АҚШ-тың бірлескен іс-қимыл жоспарын қабылдау күтіледі.
Комиссия отырысында қазақстандық делегация ауқымды секторлық қамтумен ерекшеленбек; оның құрамына Атом энергиясы жөніндегі агенттік төрағасы Т.Жантикин, Индустрия және жаңа технологияар, Қоршаған ортаны қорғау министрліктерінің, Қаржы министрлігінің Кедендік бақылау комитетінің, Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің, ҚазМұнайГаздың», «ҚазТрансГаздың», «Қазтеңізтрансфлоттың», Ядролық физика институтының және ҚР Ұлттық ядролық орталығы Атом энергиясы институтының өкілдері кіреді.
Сапар бағдарламасы С.Мыңбаевтың энергетика саласындағы саяси консультациялар өткізу үшін АҚШ Әкімшілігінің жоғары дәрежелі өкілдерімен бірқатар екіжақты кездесулерін қамтиды. С.Мыңбаевтың қатысуымен Американ-қазақстан іскерлік қауымдастығы ұйымдастырған «дөңгелек үстел» ауқымында АҚШ-тың корпоративтік қоғамдастығымен байланыстарға айрықша назар аударылады. Сапар барысында сондай-ақ Қазақстан экономикасының шикізаттық емес салаларында Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыру мақсатымен «News Desk Media» баспа компаниясымен ынтымақтастықта шығарылған «Invest in Kazakhstan 2012» және «Country Profile» журналдарының таныстырылымы жоспарланған.
Бұдан бұрын АҚШ энергетика министрінің бірінші орынбасары Д.Понеман атап өткендей, «Қазақстан тәуелсіздік алған сәттен бастап кен рудасы, химия және ауыл шаруашылығы салаларына ірі халықаралық инвестициялар тартуға мүмкіндік берген маңызды макроэкономикалық реформалар жүргізді. Біз таяудағы жылдарда энергетика саласында және одан тысқары басқа да салаларда жаңа инвестицияар пайда болуын күтеміз».