Вашингтонда энергетикалық әріптестік жөніндегі қазақстандық-американдық бірлескен комиссияның 9-шы отырысы өтеді

АСТАНА. 15  қазан. ҚазАқпарат -  Вашингтонда энергетикалық әріптестік жөніндегі қазақстандық-американдық бірлескен комиссияның 9-шы отырысы өтеді. Бұл туралы бүгін Астанада ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Алтай Әбибуллаев мәлім етті.
None
None

Осы аптада экономикалық дипломатия алдында айқындалған мақсаттарды көздейтін маңызды сыртқы саяси шаралар көзделгенін айтқан ресми өкіл: «15-16 қазанда Вашингтонда энергетикалық әріптестік жөніндегі қазақстандық-американдық бірлескен комиссияның 9-шы отырысы өтеді. Қазақстандық тарапты ҚР Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев, ал АҚШ тарапын Энергетика министрінің орынбасары Дэниель Понеман төрағалық етеді», деді.

Комиссия отырысына қатысатын қазақстандық делегацияның құрамында Атом энергетикасы  агенттігінің төрағасы Тимур Жантикин, Индустрия және жаңа технологиялар, Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің, Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитетінің, Табиғи монополияны реттеу агенттігінің, «ҚазМұнайГаз», «Қазтрансгаз», «Қазтеңізтрансфлот», ҚР Ұлттық ядролық орталығы Ядролық физика институты мен Атом энергетикасы институтының өкілдері бар.

«Аталған шара аясында тараптар негізгі төрт сала бойынша бірлескен жұмыстың болашақ бағыттарын айқындайды. Олардың қатарында: атом өнеркәсібі мен таратпау мәселелері; көмірсутек энергетикасы; электроэнергетика; қайта жаңартылатын энергия көзі мен энергосақтау салалары. Бұл салалардың барлығы Қазақтанның жаңа инновациялық экономикасын дамыту мақсаттарымен үндес екендігін атап өткім келеді», деді ресми өкіл.

Оның сөзіне қарағанда, 9-ыншы отырыстың нәтижесі бойынша Қазақстан мен АҚШ-тың аталмыш салалардағы 2012-2013 жылдарға арналған энергетикалық әріптестікті жүзеге асыру бойынша бірлескен іс-әрекет жоспарына қол қоюды көздеп отыр. Бұл жоспар 2011 жылы Астанада өткен комиссия отырысының барысында қабылданған жоспарға негізделген.

«Сонымен қатар, сапар бағдарламасында қазақстандық делегация басшысы Сауат Мыңбаевтың АҚШ Президенті әкімшілігінің жоғары деңгейлі өкілдерімен кездесуі қарастырылған. Осы кездесулерде энергетика саласындағы саяси кеңестер өткізу көзделген, сондай-ақ американдық-қазақстандық ассоциация ұйымдастыратын «дөңгелек үстел» аясында АҚШ корпоративті қоғамдастығымен байланыстарға ерекше көңіл бөлінеді», деді А.Әбибуллаев.

Соңғы жаңалықтар