Венада ЕҚЫҰ «Қауіпсіздік күндері» аясында конференция өтті

АСТАНА. 19 наурыз. ҚазАқпарат - Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының алаңында 12 наурызда "Халықаралық қауымдастықтың Ауғанстан мен Орталық Азия мемлекеттерімен өзара әрекеті - сынақтар, синергия, мүмкін жауаптар мен ЕҚЫҰ-ның рөлі" атты тақырыпта конференция болып өтті.
None
None

Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады

Алқалы жиында Орталық Азия аймағында, әсіресе, 2014 жылы Халықаралық қауіпсіздікке жәрдемдесу күштерін Ауғанстаннан шығару және Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыру мен елдің дамуына қолдау көрсетудегі халықаралық қауымдастықтың қолға алуы мүмкін қадамдары талқыланды. Сондай-ақ шекара қауіпсіздігі, терроризм мен есірткіге қарсы күрес проблемалары да қарастырылды.

Конференцияны ЕҚЫҰ-ның Бас Хатшысы Ламберто Занньер мен ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы атынан ЕҚЫҰ Тұрақты кеңесінің төрағасы Игорь Прокопчук ашты. Сөз сөйлеушілер өздерінің баяндамаларында Ұйымның Ауғанстан бойынша халықаралық қауымдастықтың қызметіне қосқан үлесі мен келешекте орын алуы мүмкін рөлін белгіледі. ЕҚЫҰ Саммитінің (2010) Астаналық декларациясы ЕҚЫҰ аймағының қауіпсіздігі мен көрші аймақтардың, әсіресе, Орта теңіз және Азия аймақтарының қауіпсіздігі мен ажырамас байланысын мақұлдағаны атап өтілді. Осыған орай декларацияда халықаралық қауымдастықтың тұрақты, тәуелсіз, өскелең және демократиялық Ауғанстанды құрудағы ұжымдық әрекетіне тиімді үлес қосу қажеттілігіне ерекше көңіл бөлінген.

Мәслихатқа Орталық Азия аймағының, Ресей, АҚШ, Еуропа мемлекеттерінің сыртқы саяси ведомстволарының жоғары деңгейлі өкілдері, сондай-ақ Ауғанстанның Есірткіге қарсы күрес жөніндегі министрі Зарар Ахмад Мокбела қатысты. БҰҰ Бас Хатшысының Ауғанстан бойынша Арнайы өкілі Я. Кубиш, ЕО Орталық Азия бойынша Арнайы өкілі П. Флор, ШЫҰ Бас Хатшысы Д.Мезенцев, ҰҚШҰ Бас Хатшысының орынбасары Г.Невыглас, Арнайы өкіл - ЕО-ның Ауғанстандағы делегациясының басшысы В.Ушацкас, БҰҰ-ның Орталық Азия үшін алдын алу дипломатиясы жөніндегі Аймақтық орталығының басшысы М.Енча, НАТО-ның Кавказ және Орталық Азия бойынша Арнайы өкілі Д.Аппатурай және басқа да халықаралық қоғамдастықтың өкілдері іс-шараға қатысушылар алдында сөз сөйледі.

Бұл басқосуда ҚР атынан Сыртқы істер министрінің орынбасары Қайрат Сарыбай және ҚР Президентінің жанындағы Қазақстандық стратегиялық зерттеу институтының директоры Болат Сұлтанов баяндамалар жасады. Олар Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыру призмасы арқылы Орталық Азиядағы қауіпсіздік мәселелері жөніндегі Қазақстанның көзқарасы туралы пікір бөлісті. Қайрат Сарыбай қатысушылардың назарын ағымдағы жылғы 25 - 26 сәуірде Алматы қаласында өтуі жоспарланған Ыстамбұл процесінің кезекті конференциясына аударды. Аталмыш мәслихат аймақтық және халықаралық ұйымдарының әрекеттері синергиясының жаңа мүмкіндіктерін анықтауға жағдай жасайды деп күтілуде. Қатысушылар конференцияның форматы мен тақырыбына үлкен қызығушылық танытты. Атап айтқанда, көлік және транзит, ағарту, сондай-ақ Ауғанстанды дамыту процесіне әйелдерді тарту мәселелеріне назар аудару туралы ұсыныстар айтылды.

Венада болып өткен кездесу ЕҚЫҰ-ның Бас Хатшысы Л. Занньердің 2012 жылы бастау алған "Қауіпсіздік күндері" туралы бастамашылығының жалғасы болып табылады. Бұл ғылыми орталар, ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер және халықаралық ұйымдар арасында ашық сөзсайыстарға, сондай-ақ 2010 жылғы Астана Саммитінің Декларациясын жүзеге асыру мақсатында ынтымақтастық пен диалог алаңы ретінде ЕҚЫҰ-ның рөлін одан әрі нығайтуға арналған бейресми форум болып табылады.

Соңғы жаңалықтар