Венада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Қазақстан-Австрия бизнес-форумы өтеді

  АСТАНА. 17 қазан. ҚазАқпарат - 2012 жылдың 22-23 қазан аралығында Австрия Республикасының Федералды Президенті Хайнц Фишердің шақыруымен Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Австрия Республикасына ресми сапары өтеді, деп хабарлайды ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.
None
None

Сапар аясында Нұрсұлтан Назарбаевтың Хайнц Фишермен (шағын және кеңейтілген құрамда), Австрия Ұлттық Кеңесінің Президенті Барбара Праммер ханыммен келіссөздері болып өтеді деп күтілуде. Сондай-ақ, сапар бағдарламасында үкіметтік делегациялардың келіссөздері мен ірі бизнес-форум өткізу қарастырылған.

Тараптар саясат, сауда-экономикалық, энергетика, мәдени-гуманитарлық салалардағы қазақстандық-австриялық ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен болашағын талқыға салады, сонымен қатар халықаралық күн тәртібіндегі кең ауқымды мәселелер жөнінде пікіралмасатын болады. Қазақстан мен Австрия арасында халықаралық қауіпсіздіктің негізгі  мәселелері бойынша жоғары деңгейдегі өзара түсіністікке қол жеткізілген, штаб-пәтерлері Вена қаласында орналасқан барлық-дерлік халықаралық ұйымдар шеңберінде тиімді ықпалдастық орнатылған.

Екіжақты қарым-қатынас тарихындағы Австрия Федералды Президентінің біздің елімізге алғашқы сапары Астанада өткен ЕҚЫҰ Саммитіне қатысуынан кейін 2010 жылдың 3 желтоқсанында орын алған болатын.

Қазақстан мен Австрия экономика саласындағы жемісті әріптестер болып табылады. Жыл сайын Үкіметаралық комиссия отырыстары өтуде, Астана мен Вена арасында тұрақты авиарейстер жүзеге асырылады.

Біздің еліміздің негізгі сауда әріптестері арасында Австрия 7-нші орын алады, ал Қазақстан ТМД елдері арасында маңыздылығы бойынша Австрияның үшінші сауда әріптесі болып саналады.

Сондай-ақ, сапар аясында 23 қазан күні Венада Қазақстан-Австрия бизнес-форумын өткізу көзделуде. Оның барысында екі ел іскер топтары Қазақстан мен Австрия арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың даму болашағын қарастырады. Атап айтқанда, индустрия, машина жасау, энергетика, инфрақұрылым, туризм, денсаулық сақтау, қоршаған ортаны қорғау және басқа да салалардағы 2015 жылға дейінгі экономикалық ынтымақтастық басымдықтары мен мақсаттары жөніндегі осыған дейін қабылданған құжаттардың жүзеге асу барысы қарастырылатын болады.

Сонымен қатар, ҚР машина жасау Одағының Австрияда ресми өкілдігін ашу және біздің елдеріміздің іскер топтар өкілдерінің қатысуымен Іскерлік Кеңес құру көзделіп отыр.

Бүгінгі таңда 50-ге жуық қазақстандық компаниялардың өкілдері өз қатысуларын растады, олардың қатарында «Самрұқ-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры, «Қазмұнайгаз», «Қазақтелеком», «Қазақстан инжиниринг» компаниялары, Сауда-өнеркәсіп палатасы, «Атамекен» одағы», Қазақстан машина жасау одағы бар.

Форум аясында білім беру, химия, құрылыс индустриясы, машина жасау, медицина, аэронавигация, туризм және басқа да салаларды қамтитын экономикалық сипаттағы бірқатар екіжақты құжаттарға қол қою жоспарланған.

2011 жылдың қорытындысы бойынша өзара сауда көлемі 4 млрд. АҚШ долларын құрады (экспорт - 3,877 млрд., импорт - 220,7 млн.). Бұл көрсеткіш 2010 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 49%-ға жоғары (2,751 млрд. АҚШ долл., соның ішінде экспорт - 2,53 млрд., импорт - 0,22 млрд.).

2012 жылдың қаңтар-тамыз аралығында тауарайналым 3,153 млрд. АҚШ долларын құрады, 2011 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 32%-ға жоғары.

1995 жыл мен 2012 жылдың 31 наурызы аралығында Австриядан Қазақстанға тартылған тікелей инвестицияның жалпы көлемі 2,5 млрд. АҚШ долларын құрады.

Соңғы жаңалықтар