Венгрия «ЭКСПО-2017» көрмесіне экологиялық таза автобустарын әкелуге дайын

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін "ЭКСПО-2017" халықаралық мамандандырылған көрмесінің ұйымдастырушы кеңсесінде «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы» АҚ Басқарма Төрағасы Ахметжан Есімов Венгрияның Ұлттық экономика жөніндегі министрі Михай Варгамен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

Компания баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, кездесу барысында тараптар «Астана ЭКСПО-2017» көрмесіне Венгрияның қатысуы туралы мәселені талқылады.

Ахметжан Есімов Қазақстан мен Венгрияны тамыры терең тарих пен мәдени дәстүрдің байланыстыратындығын атап өтті. Басқарма төрағасы ЭКСПО нысандарының дайындығына және павильондардың халықаралық қатысушыларға өткізуге дайын екендігіне тоқталды.

«Біз венгр павильонын көрдік, барлық жұмыстардың мерзіміне сәйкес жүргізіліп жатқандығын білдік. Біз осы іс-шараға мейлінше көп Венгрия кәсіпорындарын тартуға талпындық. Бұл ретте, біздің осы делегация құрамына 60 бизнесмен қосылды», - деді Венгрияның Ұлттық экономика жөніндегі министрі.

ЭКСПО-2017 қатысушылары мен қонақтарын тасымалдау үшін венгрлік әріптестер Көрмеге сонау Кеңес одағы кезінен белгілі ИКАРУС жаңа заманауи электробустарының шусыз, қоршаған ортаны ластамайтын түрлерін әкелуге дайын екендігін жеткізді.  

Айта кетейік, бүгінде Астана ЭКСПО-2017 көрмесіне өзінің қатысатындығын 104 мемлекет пен 17 халықаралық ұйым растады, 98 мемлекет комиссарларын  тағайындап, 82 қатысу келісімшартына қол қойылды.

Соңғы жаңалықтар