20:47, 04 Маусым 2014 | GMT +5
Венгриялық бизнесмендер ШҚО кәсіпкерлерімен ынтымақтастыққа мүдделі екендіктерін білдірді
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысының басшысы құрылыс, фармацевтика, машина жасау және АӨК саласындағы шығысеуропалық мемлекеттің жетекші компаниялары басшыларымен өзара ынтымақтастық туралы бірқатар келіссөздер жүргізді.
Облыстық әкімдік хабарлауынша, венгриялық кәсіпкерлер шығысқазақстандықтардың өңірде машина жасау, ауыл және орман шаруашылығы, фармацевтика мен құрылысты дамыту ниеттері туралы айтылған ақпаратқа қызығушылық танытқан.
Қазіргі сәтте біздің өңірмен арадағы екі жақты ынтымақтастық әлеуеті туралы мәселе талқылануда. Тараптар ауыл шаруашылығы мен өңдеуші өнеркәсіпті жаңғырту саласындағы ынтымақтастыққа мүдделі.
Еске сала кетейік, таяу күндерде қазақстандық делегацияның Венгрия Республикасына жұмыс сапары барысында Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі мен облыстық Хайду-Бихар (Венгрия) муниципалитетінің арасында сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық туралы келісім жасалған болатын.