Вице-премьер - ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрі Маңғыстау облысының теңіз жағалауы-айлақ инфрақұрылымымен танысты

АСТАНА. Сәуірдің 3-і. ҚазАқпарат /Дамир Байманов/ - Вице-премьер - Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев жұмыс сапары барысында Маңғыстау облысының теңіз жағалауы-айлақ инфрақұрылымымен танысты, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
None
None

Вице-премьер «Макдермотт» ЖШС-нің металл жабдықтары зауытына арналып, құрылыс жұмыстары жүріп жатқан өндірістік алаңда болды. Бұл кәсіпорын Каспий теңізінің қазақстандық бөлігінде жұмыс істеп жүрген мұнай компанияларына қызмет көрсетеді деп күтілуде. Мәселен, жобалау жұмыстарында, теңіз құбырларын жасау және желілерін тартуға кеніш орнындағы жұмыстарға жағалаудағы қажетті ғимараттарды салуға, бұрғылау мен өндіруге, сондай-ақ теңізасты технологиялық жүйелерді жасауға көмек көрсетеді. Кәсіпорынның жобалық қуаты - жылына 12 мың тонна металл құрастырмалары.

Мұнан басқа Ә. Исекешев Баутино кентінде бұрғылау жұмыстарына қажетті қоспалар дайындайтын зауыттың құрылысы барысымен танысты. Компания теңіздегі бұрғылау жұмыстарының қажетін арнайы бұрғылау ерітінділерімен және химиялық реагенттермен қамтамасыз етпек. Министр осы жылдың сәуірінде ашылуы жоспарланған шағын кемелерді жөндеу зауытына оң баға берді, деп атап көрсетеді баспасөз қызметі. Бұл жобаға жұмсалған инвестициялардың жалпы көлемі 15 миллион АҚШ долларын құрады. Кәсіпорынның жобалық қуаты - жылына 50-60 кемелерді жөндеу.

Вице-премьер жұмысымен танысқан тағы бір нысан - «Балықшы» ЖШС-нің теңіздегі жұмыстарды қолдау базасының құрылыс алаңы. Әкімшіліктің баспасөз қызметі хабарлағандай, осы жобаны іске асыру жолында бүгінге дейін 70 миллион АҚШ доллары игерілген. Пайдалануға берілуі үстіміздегі жылдың шілдесіне белгіленген.

Ә. Исекешев сондай-ақ «Кеппел Қазақстан» ЖШС-нің кеме жасайтын зауытында да болды. Бұл жобаның нысандары былтыр толық салынып бітті, қазір кәсіпорын Аджип ККО-ның құбыр эстакадалары мен қалқымалы понтондар бойынша тапсырысын орындауда.

Бұдан соң министр «Ақтау халықаралық теңіз айлағы» РМК-да болды және «Ақтау қаласындағы газ-бетон зауытының құрылысы» жобасының іске асырылуы барысымен танысты. Бұл зауыт құрылыс нарығының талаптарын қамтамасыз ететін ұяшықты бетон шығаратын болады. Мұнда 300 жаңа жұмыс орны ашылады. Оның жобалық қуаты - жылына 150 мың текше метр ұяшықты бетон.

Министр сонымен қатар бірнеше өндірістік нысандар салынып жатқан «Ақтау теңіз айлағы» ЕЭА аралап көрді. Мәселен, осы аумақтағы сұйық дәрумен формаларын шығаратын фармацевтикалық кешен келешекте фармацевтика нарығын дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етпек.

Сапарының соңында вице-премьер Каспий теңізінің қазақстандық бөлігіндегі оффшорлық жобаларды қолдау мақсатында тауарлар мен қызметтердің және жағалаудағы инфрақұрылымдардың қазақстандық үлесін дамыту мәселелері бойынша жиын өткізді. Ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру барысы бойынша өткен бөлек жиында «Ақтау-сити», «Кендірлі» курорттық демалыс аймағы және «Каспий энергетикалық хаб» мәселелері қаралды.

Соңғы жаңалықтар