13:54, 31 Шілде 2012 | GMT +5
Винокуров Олимпиадалық ойындарда жеңіске жеткізген велосипедін бәссаудаға шығармақ
АСТАНА. 31 шілде. ҚазАқпарат - Александр Винокуров Лондон Олимпиадасында жеңіс алып берген велосипедін Астанадағы бәссаудада сатуға ниеттеніп отыр.

«Астанаға Олимпиадалық ойындарда жеңіске жеткен велосипедімді әкеліп, оны бәссаудаға қоятын боламын. Менің ойымша, оны қуана сатып алатындар табылады. Ал жиналған ақшаны балаларға жұмсамақпын», - деді Винокуров «Экспресс К» газетіне берген сұхбатында.
Бұдан бөлек, Олимпиада чемпионы жүлдеге берілген 250 мың доллардың бір бөлігін өзінің және әйелінің ата-анасына, әпкесіне беретінін жеткізді. Ал қалғанын балаларының оқуына жұмсамақ.
Өзінің алдағы іс-жоспары туралы сұраққа: «Астана» командасын басқару туралы әзірге нақты ешқандай әңгіме қозғалмағанын, дегенмен Олимпиададан кейін осы мәселе төңірегінде келіссөздер болатынын мәлім етті, деп жазады Еуразия бірінші арнасы.