Волейболдан ерлердің жоғары лига командалары арасында «Жайық-Конденсат» командасы үшінші орында келеді
«Жайық» волейбол клубының директоры Шоқан Кеңесовтің ҚазАқпарат тілшісіне хабарлағанындай, Петропавлда өткізілген ҚР ХVІІІ чемпионаты үшінші турынан кейін Астана қаласының «Ұшқын-Искрасы» 33 ұпаймен көш бастаса, соңғы ойындарын сәтті өткізген Павлодар облысының «Ертісі» 30 ұпаймен екінші орынға көтерілді. «Жайық-Конденсат» пен «ОҚМУ-Қазығұрт» командасының еншісінде 29 ұпайдан. Наурыздың 19-26-сында төртінші тур ойындары Шымкент қаласында өтетін болса, сәуірдің 15-24-інде командалар Павлодарда бесінші, соңғы турмен біріншілікті қорытындылайды. Үздік команда ұлттық лигаға жолдама алады.
Ұлттық лига командалары арасында бесінші тур наурыздың 9-16-сында Орал қаласында өтіп, үздік төрт команда плей-офф бәсекелеріне жолдама алады. Мұнда Оралдың «Конденсаты» бесінші орында келеді.