Ядролық қаруға қарсы тақырып бүгін де дамуы керек - О.Сүлейменов

ҚАРАҒАНДЫ. Мамырдың 5-і. ҚазАқпарат /Валентина Елизарова/ - Бүгін Қарағанды мемлекеттік медициналық университетінде белгілі ақын және қоғам қайраткері Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО жанындағы тұрақты өкілі, «Невада-Семей» қозғалысының жетекшісі Олжас Сүлейменовпен кездесу өтті,
None
None
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Қоғам қайраткерінің бұл сапары «Невада-Семей» қозғалысының 20 жылдығы аясында өтуде. Сөз барысында атап көрсетілгендей, кездесу үшін Қарағанды қаласы, оның ішінде медициналық университет кездейсоқ таңдалып отырған жоқ. Қарағандылық медиктер Семей полигонының халықтың денсаулығына тигізіп отырған зиянды әсерін дәлелдеуге үлкен үлес қосқан. Өңірде арнайы жасақ құрылып, олар полигонға жақын жердегі аудандарды аралаған және халықты жаппай тексеруден өткізген. Ал қарағандылық шахтерлар полигонды жабуды талап етіп, митингілер өткізген. «Ядролық қару-жарақ сынағына халықаралық мораторий жасау біздің Қазақстаннан басталды. 1989 жылы қарашаның 20-сында Семей полигонын жабу туралы қаулы қабылданды, ол Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 1991 жылдың тамыз айында жабылды. 1992 жылы Невададағы полигон жабылды, одан кейін Францияда, ал 1996 жылы Қытайда сынақтар тоқтатылды», деп атап көрсетті Олжас Сүлейменов қозғалыстың басты жетістіктеріне тоқталған сөзінде. «Осылайша, Қазақстан ядролық сынаққа қарсы үдерісті бастап, мыңдаған жарылысты тоқтатты», деді «Невада-Семей» қозғалысының жетекшісі. О.Сүлейменовтың пікірінше, «ядролық қаруға қарсы тақырып бүгін де дамытылуы керек, себебі әлі де қауіп бар». «Ядролық оқтұмсықтардың санын қысқарту туралы АҚШ Президенті Барак Обаманың бастамашылығын біз қолдаймыз. Біздің міндетіміз - басқа елдердің үкіметтері мен парламенттерін осынау идеяны қолдауға үндеу», дейді қоғам қайраткері. О.Сүлейменов бүгін Қарағандыда «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалында аймақ жұртшылығымен кездеспек.
Соңғы жаңалықтар