Январцев ауылында кісі өлтірген күдіктіге қатысты бірнеше бап бойынша қылмыстық іс қозғалды - БҚО

Облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен хабарлағанындай, тергеу барысында 1982 жылы туған азамат А.Битановтың үй құрылысына ақысыз жұмыс күші ретінде қолдану мақсатында С.Улаевты өз үйіне алып келіп, қамап қойғаны анықталды. Оған дене жарақатын келтіре отырып, жұмысқа мәжбүрлеген. Азамат Улаев жұмыс жасаудан бас тартқаны үшін А. Битанов оны соққыға жығып, ақыры тұншықтырып өлтірген. Өлі денені үйден алып шығып, ауыл маңындағы иесіз үйге тастап кеткен.
Сондай-ақ қаныпезер 25 сәуір күні өзінің достарымен көшеде сол ауылдың басқа тұрғынымен кездесіп, сөзге келіп қалған олардың араларында жанжал туындайды. Сөйтіп, достарымен төбелеске түскен олар жәбірленушіге пышақ сұғып алады. Алайда жәбірленген жас жігіт әзер дегенде қашып құтылады. Сол күні түнде ашуға булыққан күдіктілер жәбірленушінің үйіне түсіп, оны және ағасын соққыға жығып, қолындағы бар ақшасын және ұялы телефонын жымқырып, тайып тұрады.
Полиция сақшылары жедел түрде аталған қылмыс бойынша үш күдіктіні анықтап, қолға түсірді. Қолға түскендер 20-25 жас аралығындағы сол ауылдың тұрғындары болып шықты. Азамат А. Битановқа қатысты ҚР ҚК-нің 96-бабы 1-бөлімі (кісі өлтіру), 125-бабы (адамды ұрлау), 257-бабы 3-бөлімі (бұзақылық) бойынша қылмытық іс қозғалды. Қылмысқа қатысы қалған азаматтар анықталуда. Төрт қылмыстық іс қозғалды.
Айта кету керек, өткен аптада осы ауылдың 10 тұрғыны екі кісі өлтіру, жыныстық қатынаста зорлау, автөкөлік ұрлығы, ауыр дене жарақатын келтіру қылмыстары бойынша түрлі мерзімге бас бостандығынан айырылған болатын.