Ықпалдасу ісінде іркіліс болмауы тиіс - Беларус президенті А.Лукашенко

«Қырғызстан мен Тәжікстан бізбен бірге тиісті жобалармен жұмыс жасауда және Кедендік одаққа қосылуға дайын», - деді А.Лукашенко.
Беларус Президентінің айтуынша, бүгінде ең бастысы, біз Бірыңғай экономикалық кеңістік құрып жатқан кезімізде - ықпалдастық қарқынын жоғалтпауға тиіспіз. «Бұл кез келген үдерісте маңызды нәрсе. Қарқын баяуласа, барлық бағыттар бойынша іркіліс пайда бола бастайды», - деп атап өтті А.Лукашенко. Бірыңғай экономикалық кеңістік қалыптастыру одан әрі ықпалдастық жолындағы сапалы жаңа тарихи қадам болады, сондықтан да бұл жерде іркіліске жол беруге болмайды, деп атап көрсетті ол.
«Беларус Бірыңғай экономикалық кеңістік құру жөніндегі барлық жұмысты бір жылдың ішінде аяқтау қажет деп санайды. Қазірдің өзінде әзір құжаттар бар және әлі де пысықтауды қажет ететіндері бар. Ал маман-сарапшылар біздің шешімімізді күтіп отыр. Мұнда іркіліс болмауға тиіс», - деді Беларус басшысы.
Бұдан бұрын хабарланғанындай, шара барысында Қазақстан, Беларус және Ресей Кедендік одағын құру және Бірыңғай экономикалық кеңістікті қалыптастыру жөніндегі іс-қимылдар жоспары туралы бірлескен мәлімдемеге қол қойылды. Құжатқа үш елдің басшылары - Нұрсұлтан Назарбаев, Александр Лукашенко және Дмитрий Медведев қол қойды.
ТМД қатысушы мемлекеттерінің - Қазақстанның, Арменияның, Беларустың, Қырғызстанның, Ресейдің, Тәжікстанның және Түрікменстанның басшыларының бейресми кездесуі жексенбі күні, желтоқсанның 20-сында аяқталады.