Ынтымақ пен бірлік мерекесінде 4000-нан астам қала тұрғыны салтанатты шеруге қатысады - Қызылорда
Бұл туралы Қызылорда қаласы әкімдігінде өткен тұрақты кеңес мәжілісінде қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жұмабек Әлиев хабарлады.
Мемлекеттік мерекенің ең негізгі шарасы 1 мамырда Орталық алаңда өткізіледі. Бұл күні қаладағы азаматтық қоғам институттары (ардагерлер, ҮЕҰ, жастар, саяси партия, ұлттық мәдени орталық өкілдері т.б.) мұнай компаниялары, мемлекеттік мекемелер және өзге де ұйым өкілдерінен құралған 4000-нан аса қала тұрғыны салтанатты шеруге қатысады деп жоспарлануда.
Мерекелік салтанат Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаеваның «Бақыт құсы» атты бағдарламасымен жалғаспақ.
Мұнан өзге, 1 мамыр күні қалалық мәдени-демалыс саябағының маусымдық ашылу салтанатына орай «Қазақстан - достықтың шаңырағы» атты мерекелік шара өткізіледі.
Сондай-ақ, қалаға қарасты кент және барлық ауылдық округтерде, мәдениет үйлері мен клубтарда, кітапханаларда, білім беру мекемелерінде «Ынтымақ - достық кепілі» эгидасы аясында «Татулығы тұрақты ел - Қазақстан!», «Ынтымақты елдің ырысы мол», «Ынтымағы бекем, Қазақстан!» атты тақырыптарында түрлі деңгейдегі іс-шаралар ұйымдастырылатын болады.
Татулық пен бірлігі жарасқан тәуелсіз еліміздің бұл айтулы мерекенің кең көлемде, жалпыхалықтық деңгейде ұйымдастырылу қажеттілігіне тоқталған қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев сала басшыларына қазірден бастап қала көшелерін мерекелік безендіруді және мереке аясында өткізілетін шараларды жоғары дәрежеде ұйымдастыруды тапсырды.