Ыстамбұлда «Ежелгі көшпенділер алтыны және Қазақстанның зергерлік өнері» көрмесі ашылды
Іс-шараға Түркия Мәдениет және туризм министрінің орынбасары Кемал Генч, Ыстамбұл қаласының басшылары, Қазақстан Республикасының Коджаели және Невшехир провинцияларының құрметті консулдары Али Кибар мен Халил Улуер, түрік ғылыми-академиялық, қоғамдық және бизнес топтарының, сондай-ақ БАҚ өкілдері қатысты.
Ашылу салтанатында сөз сөйлеген Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Жансейіт Түймебаев Қазақстанның символына айналған «Алтын киімді адам» көрмесі тұңғыш рет Түркияға әкелінгенін, оның біздің заманымыздан бұрын V-IV ғасырларда Қазақ даласында өмір сүрген сақ тайпаларының тарихы мен мәдениетінен хабар беретін аса көрнекті ескерткіш екендігіне назар аудара отырып, түркі халықтарына ортақ мұраның тарихымызбен танысуға мүмкіндік берерін атап өтті.
Өз сөзінде Түркия Мәдениет және туризм министрінің орынбасары Кемал Генч «Алтын киімді адам» көрмесінің Ыстамбұлда ашылуына ризашылығын білдіре отырып, екі ел арасындағы осындай мәдени шаралардың бірыңғай мәдени-ақпараттық кеңістікті нығайтуға, екіжақты қарым-қатынастың және мәдени байланыстардың одан әрі дамуына серпін береріне тоқталды.
Көрмеде түрік жұртшылығының назарына алтын және бағалы металдар мемлекеттік музей қорынан сақ дәуіріндегі өркениет, жазу өнері, мәдениет, тарих, зергерлік өнердің үздік үлгілері ұсынылды. Түркия жұртшылығы көрмені бір ай бойы тамашалай алады.