ЮНИСЕФ Қазақстандағы балалардың әл-ауқатын зерттеуге көңіл бөлуде
Семинарда ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы (МБА) мен БҰҰ Балалар қоры (ЮНИСЕФ) еліміздегі балалардың әл-ауқатын бірлесіп зерттеу мәселесін қарастырды.
«Бүгінгі таңда Қазақстан аймақтық көшбасшы ұстанымына ие, «Қазақстан-2030» стратегиялық бағдарламасы аясында көзделген ұзақ мерзімді әлеуметтік-экономикалық және саяси реформалар ойдағыдай жүзеге асырылуда», - деді басқосуда МБА-ның ректоры Арын Орсариев.
А.Орсариев атап өткендей, мемлекеттік дамуда басты рөл атқаратын тағы бір маңызды бағыт - ана мен баланың денсаулығы, олардың құқықтарын қорғау мәселелері.
Жиынға қатысқан Мемлекеттік саясат ұлттық мектебінің директоры Вильмур Әукен: «Балаларымыздың болашағы біздің қазір мемлекетті қалай құруымызға байланысты болмақ», - деген ойын жеткізді. Оның атап өтуінше, МБА мен ЮНИСЕФ-тің қолға алып отырған бұл бастамасы еліміздегі балалардың жағдайын жақсартуға көп үлесін қосады.
«Қазақстандағы әйелдер мен балалардың белгілі бір топтарының өмір сүру деңгейі төмен күйінде қалып отыр. Облыста, сондай-ақ қалалар мен ауылдық жерлердің арасындағы әлеуметтік деңгей айырмашылығы жойылған жоқ. Ауылдық жерлердегі кедейлік деңгейі қала тұрғындарымен салыстырғанда екі есеге жоғары болса, аз дамыған бес облыста балалардың дұрыс тамақтанбауы Астанада тұратын балаларға қарағанда бірнеше есеге жоғары. Сондықтан біздің орнататын ынтымақтастығымыз осы мәселелерді ойдағыдай шешуге септігін тигізеді деп ойлаймын», - деді семинарда өзінің алғы сөзін айтқан Қазақстандағы ЮНИСЕФ-тің өкілі Ханаа Сингер.
Сондай-ақ семинар барысында белгілі болғандай, МБА мен ЮНИСЕФ Қазақстанда бірлесіп зерттеу жүргізу жөніндегі ынтымақтастық туралы келісім әзірледі. Осы келісім шеңберінде Даму мәселелерін зерделеу институты (Ұлыбритания) мен Маастрихт университеті (Нидерланды) тарапынан техникалық қолдау көрсетілетін болады. Семинарда аталмыш әлемдік екі оқу орнының өкілдері Франческа Гассманн мен Кити Роэлен, зерттеу барысында мерзімді әдебиеттерге шолу жасау, сандық деректерді талдау, сапалық деректерді жинау мен кедейліктің картасын жасауды қамтитын құрама тәсілді пайдалануға болатындығын жеткізді.