Забойдан жолдасын алып шыққан кеншіге «АрселорМиттал Темиртау» компаниясы автокөлік сыйлады

- Мемлекет басшысы шахтер еңбегінің қандай қиын екендігін жақсы біледі және оның қауіпсіз әрі абыройлы, беделді болуы үшін көп жұмыс атқарып келеді. Кенші мамандығы - қашанда белгілі бір тәуекелмен байланысты болады. Сол себепті көмір кәсіпорындарындағы еңбек қауіпсіздігі тек өндірістік қана емес, әлеуметтік маңызға ие болып келеді, - деді Серік Ахметов өз сөзінде.
Облыс әкімі сондай-ақ «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасына ерекше мән беретіндігін, бұл міндеттің өндіріс жұмысында басымдыққа ие екендігін де айта кетті. Атап айтқанда, ең алдымен шахтерлердің еңбек қауіпсіздігіне бағытталған жаңа технологиялар енгізілуде. «Нольге ұмтылу» бағдарламасы қабылданып, жүзеге асырылып жатыр. Оның басты мақсаты - мүмкіндігінше өндірістік жарақаттарды мүлде болдырмау болып табылады. Сондай-ақ еңбек қауіпсіздігі бойынша арнайы бағдарлама қабылданды. Оларды жүзеге асыру үшін тек соңғы екі жылдың өзінде 200 миллион доллардан артық қаржы бөлінген. Оның ішінде Күзембаев атындағы шахтаға 70 миллион бөлінген екен. Өндірісті дамытуда да, кеншілер еңбегінің қауіпсіздігі тұрғысынан келгенде де «Арселор Миттал Теміртау» компаниясы шахталарының көмір қабаттарынан метан газын өндіру бағдарламасының алатын орны ерекше.
- Көмір өндіру - бұл нағыз батыр, ерлердің ісі екендігін ерекше атап айтқым келеді. Міне, олардың қатарына Қаныш Қайырқұловты да жатқызуға әбден болады. Себебі, ол маусымның 23-інде болған апат кезінде ерлік көрсетіп, төнген қауіпке қарамастан жолдасының өмірін құтқарып қалды. Бұл - нағыз кеншіге тән батырлықтың, қайсар мінездің көрінісі болса керек. Ол қандай құрметке де лайық деп білемін, - деді аймақ басшысы.
Көрсеткен батырлығы мен ерлігі үшін Серік Ахметов Қаныш Қайырқұловқа облыс әкімінің Құрмет грамотасын табыс етті.
- Қаныш Қайырқұловтай кеншілердің ерен ерлігі, табандылығы, қаһармандығы арқасында біздің еліміз тек көмір өнеркәсібінде ғана емес, басқа да салаларда зор жетістіктерге жететіндігіне сенімдімін, - деп атап айтты Серік Ахметов.
«Арселор Миттал Теміртау» АҚ басшылығы болса өз тарапынан Қаныш Қайырқұловқа «Шкода» жеңіл автокөлігін сыйға тартты.
«Сіздің батылдығыңыз шексіз құрмет пен таңданыс туғызады, ал Сіздің ерен ерлігіңіз нағыз үлгі-өнеге. Сіз кенші мамандығының ең басты ерекшелігін - күрделі де қиын кезеңде ынтымақтастық пен өзара көмек көрсетуді тағы бір мәрте дәлелдеп бердіңіз», - делінген «АрселорМиттал» компаниясының бас директоры доктор Франк Паннирдің алғысхатында.