Заңсыз процессуалдық шешім бұзылып, қылмыстық іс қозғалды - БҚО прокуратурасы

Облыс прокуратурасының баспасөз қызметінен хабарлағанындай, биылғы 8 маусымда Орал қалалық ішкі істер басқармасының кезекші бөліміне Г.Аралбековтың «Облыстық клиникалық аурухана» МКҚК--ның жарақат пунктіне жүгінгені туралы хабарлама түскен. Сол күні қалалық ІІБ тергеу бөлімінің тергеушісі А.Нанаевпен жәбірленушінің шағымы болмауына орай ҚР ҚІЖК-нің 37-бабы, 1-бөлмі, 5-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғаудан бас тарту туралы қаулы шығарылған.
Материалды зерделеу барысы көрсеткендей, аталған процессуалдық шешім заңсыз қабылданған. Қарсы жүргізілген тексеру барысында жауап берген Г.Аралбеков сол күні сағат 02.00 шамасында Орал қаласы, 7-шағын аудан, 5-үйдің 3-кіреберісі қасында белгісіз тұлғалар артқы жағынан, самай тұсынан соққы беріп, ол есінен танып қалғанын түсіндірді. Есін жиған соң, ол жолқапшығы, «Sony» фотоаппараты, «Nokia» ұялы телефоны ұрланғандығын байқаған. Белгісіз тұлғалардың қылмыстық әрекетімен оған 25 000 теңге мөлшерінде залал келтірілген.
Қылмыстық іс қозғаудан бас тарту туралы қаулы бұзылып, қылмыстық іс алдын ала тергеуді ұйымдастыру үшін Орал қ. ІІБ-на жолданды. Тергеуші А.Нанаевқа қатысты материалдар БҚО бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментіне ҚР ҚІЖК-нің 185-бабына сәйкес процессуалдық шешім қабылдау үшін жіберілді.