08:51, 24 Қыркүйек 2010 | GMT +5
Зерендіде өткізілген «Жас сұңқар-2010» республикалық семинары жастар ісіне арналды
КӨКШЕТАУ. Қыркүйектің 24-і. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ -Ақмола облысына қарасты Зеренді ауданында орналасқан «Сұңқар» сауықтыру орталығында өткен «Жас сұңқар-2010» республикалық семинар жастар саясатын талқылауға арналды.
Еліміздің әр түкпірінен келген жастар қоғамдық бірлестіктерінің, студенттік қауымдастықтардың, үкіметтік емес ұйымдар, ішкі саясат басқармасындағы жастар ісі бөлімінің өкілдері, жас мемлекеттік қызметшілер мен жастар көшбасшылары апта бойы әлеуметтік әріптестік, әлеуметтік жұмыс жоспарын жасау, жастар көшбасшысы қандай болуы керек, оларға қойылар талаптар, жұмыссыз жастар жайы, кәсіби бағдарлаудың жаңа үлгілерін қарастыру, біліктілікті арттырудың тиімділігі турасында ой бөлісті. Тренингтерде тәжірибе алмасып, алда шешімін күткен мәселелер тарқатылды. Сонымен бірге ҚР Парламентінде қарастырылып жатқан «Жастар туралы» Заң жобасына ұсыныстарын білдірді.