Зергер: Жастарға жағалық, шолпы секілді сәндік бұйымдарды сіңіру керек
Жас зергер бұл кәсіпті әкесінен үйренген. Жастайын әкесінің қасында жүрген ол ата-бабадан қалған қасиетті өнердің қыр-сырына қанығады. Оның әрбір бөлігіне ыждаһатпен көңіл бөліп, көздің жауын алатын бұйымдар жасауға қызығушылық білдіреді. Сондай-ақ, оған ағасы да қолдау білдіріп, өрелі өнерге баули түсті. Қазір өзі де күмістен сан алуан әшекей бұйымдарын жасауға мән беріп келеді.
«Ерте кезеңде біздің халқымызда қолы алтын зергер азаматтар көп болды. Ондай кісілер әрбір ауылда кездесіп жататын еді. Беріде сол құндылықтар назардан тыс қалды. Зергерлік өнерді зердесіне тоқып өскен шеберлер қатары да күн санап азайып барады. Бүгінгі ұрпақ сол өнердің бағасын біле бермейді. Тіпті, зергерлік жайында түсінігі қанша екендігін де бағамдау қиын. Сол себепті біз осы өнерді жастардың жадында сақтауға мән бергеніміз жөн»,- деді Сұлтанғали Әбдірейім.
Жас шебер жақында Қызылордада өрендерге арнап, шеберлік дәрісін өткізді. Оған жергілікті жердегі түрлі үйірмелерге қатысып жүрген жеткіншектер қатысты. Шебердің айтуынша, жас өрендердің бойынан зергерлік өнерге қызығушылық зор екенін аңғарған. Сондықтан мұндай шараны алдағы уақытта тұрақты түрде ұйымдастыруға мән беріп отыр.
Қазақ халқы күмістен моншақ, білезік, сақина, сырға, алқа, шолпы секілді бағалы бұйымдарды жасаған. Ата-бабаларымыз күмістің емдік қасиетін де жақсы білген. Бұл бағалы металдың адам ағзасына пайдалы екенін ескеріп, сондай ыдыстан ас ішуге мән берген. Тіпті, қыз-келіншектер одан әшекейлер тағып, сәби дүниеге келгенде нәрестені күміс теңге салып суға шомылдырған. Жалпы, күмістің пайдалы екені медицинада оң бағаланған.
«Қазекем баланың күні күмістей жарық болсын деген ниетін білдіріп, бұл мақсатта сан алуан жоралғысын жасаған. Білетініміз, Үндістан, Египет пен Ресейде ерте кезеңнен күміс қосылған суды түрлі ауруларға ем ретінде пайдаланған», - дейді қолөнер шебері.
Зергерлік өнер өте ыждаһаттылықты қажет етеді. Оның әрбір талабына баса назар аудармасаң, жасаған бұйымың көңілдегідей болмай шығады. Сондықтан ол үшін әрбір адам оның ұңғыл-шұңғылына дейін үңілуіне тура келеді.
«Атадан балаға мұра болған өнер жойылып кеткен жоқ. Дегенмен қазіргі жастар жағалық және шолпы секілді сәндік бұйымдар жайында көп біл бермейді. Сондықтан олармен жүздесу барысында осы бір қызықты өнердің әрбір құпиясын ашуға тырысамын. Өзім де ол жайында үнемі ізденіс жасап келемін»,- деді Сұлтанғали.
Сұлтанғалидың қолөнермен түбегейлі айналысқанына төрт жылдың жүзі болып қалған. Жас шебер өзінің өмірлік жолында зергерлік өнерді толыққанды меңгеріп, сол бағытта жемісті еңбек етуді қалайды.
Сыр өңірінде мұндай игілікті істерді атқаруға «Қолөнер» ұлттық нақыш орталығы ұйытқы болып келеді. Бүгінге дейін олар осы мақсатта сан алуан шараларды өткізді.