18:45, 26 Мамыр 2009 | GMT +5
Зерттеушілер Әбілқайыр ханның дәл жерленген жері туралы мәселені талқылауда
АҚТӨБЕ. Мамырдың 26-сы. ҚазАқпарат /Самал Ендібаева/ - Бүгін Ақтөбедегі мәдениет орталығында Әбілқайыр ханның дәл жерленген жерін анықтау мәселесіне арналған ғалым-зерттеушілердің көшпелі отырысы өтті.
Ұлы ханның мазары Ақтөбе облысы мен Қостанай облысының Әйтеке би мен Ырғыз аудандары шекарасының түйіскен жеріндегі «Хан моласы» аталатын бейітте жерленген деп топшыланады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Жұмыс тобының отырысына Парламент Сенатының депутаты Әбіш Кекілбайұлы және Президенттік мәдениет орталығының директоры Мырзатай Жолдасбеков және бірқатар археологтар мен тарихшылар қатысты.Шараны ашқан облыс әкімі Елеусін Сағындықов аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы айта келіп, облыстың үздік ақын-жазушыларына ақшалай сыйлық берді.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының кафедра меңгерушісі Серік Әжіғали қатысушыларға 1998-2008 жылдардағы «Хан моласы» бейітінде жүргізілген жұмыстар жөнінде әңгімелеп берді. Ертең ғалымдар мен археологтар тобы Әйтеке би ауданында орналасқан аталған бейіт басына барады деп жоспарлануда.