Жаһандану заманындағы журналистер жазып қана қоймай, ақпараттық технологияларды меңгеруі тиіс - Мұратбек Тоқтағазин

Мұратбек Тоқтағазин
Фото: кейіпкердің жеке архивінен

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – БАҚ өкілдерінің кәсіби мерекесіне орай республикалық «Әділет.Рухани жаңғыру» газетінің бас редакторы Мұратбек Тоқтағазин «Құрмет» орденінің иегері атанған болатын. Журналистика жолында жемісті жұмыс істеп келе жатқан қаламгермен Kazinform тілшісі сұхбат құрып көрді.

Әңгімемізді туып-өскен жеріңізден бастасақ... 

- 1964 жылы 1 шілдеде бұрынғы Семей облысы Аягөз ауданы Тарбағатай ауылында дүниеге келдім. 2000 жылдан ғылым жолындағы мақалаларымды жаза бастадым. 2011 жылдан Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде баспасөз және баспа ісі кафедрасының доценті, соңғы 5 жылда профессоры ретінде журналистиканың, көсемсөздің өзекті мәселелеріне қалам тербеп келемін. «Деректілік пен көркемдік», «Ақмола үшін айқас», «Кітап басу ісіндегі коммуникативті саясат және жарнама», «Эпистолярные жанры в публицистике Беларуси, России и Казахстана», «Замансөз заңғары» атты кітаптарым жарық көрген.

- Қазіргі заман журналисі қандай болуы керек деп ойлайсыз ?

- Бүгінгі аласапыран заманда журналистің жауапкершілігі зор. Журналистің бақыты - еліне қаламмен қызмет ету, республика көлеміндегі күрделі мәселелердің күрмеуін шешу, тарихта қалатын өзгерістер жасау. Қазіргі буын журналистері ақпараттық технологияларды қолдана отырып көтерген мәселені жан-жақты ашып көрсетуіне болады. Youtube арналарында қазақ тілді подкасттар жоғары сұранысқа ие. Белгілі тұлғаларды, қарапайым халық ішіндегі ерекше кейіпкерлерді шақырып жатады. Жаһандану заманындағы журналистер тек жазып қана қоймай, ақпараттық технологияларды жан-жақты қолдана білуі керек. Смартфонның бізге жасап отырған мүмкіндігі шексіз. Соны бес саусағындай біліп, өз материалын креативті түрде ұсынғаны жөн деп ойлаймын. Ақпарат ағынының астында қалып қалмас үшін үнемі трендті білген жөн.

- Қазақстандағы БАҚ саласының дамуына қандай баға бересіз ?

- Қазақстандағы медиа кеңістік дамуы үшін журналистер ұсақ-түйек жайттардан басқа, келелі мәселелерді жан-жақты зерттеп жазулары керек. Айналамызда күрмеуі шешілмеген түйіні тарқатылмаған қаншама мәселе бар. Классикалық форматтағы газеттерде қаламы өткір әріптестеріміз мақаланы зерттеп, әртүрлі стильде жазуда. Ел дамуындағы кезек күттірмейтін тақырыптарды журналистер жазбағанда кім жазады?! Бір ғана ауыл шаруашылығын алып қарасақ, осы саланың өзінде жан-жақты ашып, сараптама жасап көрсететін жақтары көп. Білім саласын алсақ, балабақша жасындағы балалар өкінішке қарай TikTok желісімен тәрбиеленіп жатыр. Кең байтақ жерімізге ие болып қалатын осы ұрпағымыз өз ана тілінде сөйлей алмауы нағыз қасірет. Сондықтан бүлдіршіндердің тілін ана тілімізде шығаруға күш салуымыз керек. Осы салада жазатын мәселенің тамыры тереңде. Әріптестеріміз сол туралы жүйелі түрде қалам тербеп, баспасөз беттерінде, әлеуметтік желілерде жарияласа деймін.

- Күні кеше өткен кәсіби мерекеде «Құрмет» орденінің иегері атануыңызбен құттықтаймыз! Осы марапатты алғандағы әсеріңіз қандай болды ?

Мұратбек Тоқтағазин
Фото: кейіпкердің жеке архивінен

Ақпарат майданында жүргеніме 40 жылдан асты. Майдан деп бекер айтып отырғаным жоқ. Себебі, журналистер ұлттың қамы үшін айқасып, тарихымыз бен бүгінімізді түгендеуге зор еңбек сіңіреді. Осы уақытқа дейін талай очерк, мақалалар дүниеге келді. Еліміздің жақсаруына үлес қосатын, қарапайым халықтың мұң-мұқтажын билікке жеткізіп, көптеген мәселенің шешілуіне мұрындық болдым. Орден алғанда әлбетте қуандым. Алайда бұл қуаныш марапат алғаным үшін емес, осы күнге дейінгі еңбегімнің бағаланғаны үшін болды. Бұл орден ары қарай да қазағымның қамы үшін тер төгуге ынталандырады.

- Қазіргі уақытта қай бағытта қызмет етіп жатырсыз ?

Мұратбек Тоқтағазин
Фото: кейіпкердің жеке архивінен

- 2019 жылдан бері «Әділет.Рухани жаңғыру» республикалық қоғамдық-саяси, тарихи-танымдық газетінің бас редакторымын. 2012 жылдан бас редакторлар клубының вице-президентімін. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде педагогтік қызметім де бар. Қоғаммен бірге тыныстап, халықтың ортасында жүргенді жақсы көремін. Қоғамдық жұмыстарға белсене қатысамын. Осы күнге дейін жиған-терген білімімді студенттерге беруге әзірмін. Алаш арыстары салып кеткен сара жолды келер ұрпаққа аманаттау – біздің міндетіміз.

Соңғы жаңалықтар