Жабылып қалған шағын және орта бизнес субъектілердің 17 пайызы мемлекеттік органдардың әкімшілік кедергілерінен болған
Бұл туралы кеше «Өрлеу» экономикалық клубының отырысында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Ләззәт Ибрагимова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бизнес-кеңесші» атты бағдарламаның аясында жүргізілген зерттеулер барысында 10 мыңға тарта кәсіпкерге сауалнама жүргізілген. Қызметін тоқтатуға мәжбүр болған шағын және орта бизнес субъектілерінің 17 пайызы, олардың кәсіптерінің тұйыққа тірелуіне мемлекеттік органдардың әкімшілік кедергілері себеп болғандығын меңзеген. Ал респонденттердің 3/1-і нарықта бәсекеге төтеп бере алмағандықтарынан жабылуға тура келгендіктерін атап көрсеткен. Дегенмен, сұралғандардың 90 пайызы Үкіметтің дағдарыс жағдайында шағын және орта бизнесті дамытуға арналған бағдарламалары мен жұмыстарына көңілдері толатындықтарын жеткізген.
Сонымен қатар сауалнама жарияланымына қарап, кәсіпкерлердің өз бизнесін әртараптандыруға, кәсіпорынның техникалық жабдықталуын қамтамасыз етуге және жаңартуға мүдделі екендігін байқауға болады.
Клуб отырысында Ресейдің «Қоғамдық келісім» ұлттық жобасы институтының президенті Александр Аузан Қазақстанда 8 ай бойы жүргізген зерттеулерін, шағын және орта бизнес пен билік, сондай-ақ қоғамның арасындағы байланыс құралдарының жаңа әдістерін ұсынды. Бұл зерттеулер отандық кеңістікте жағымды бизнес-климатты құруға, дамытуға бағытталған.
Отырысқа клуб басшысы «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ Басқарма төрағасы Қайрат Келімбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, Үкіметтің экономикалық блогының және бизнес қоғамдастықтың өкілдері қатысты.