Жақын арада Қызылжар жаңа сәулеттік кейіпке енбек

ПЕТРОПАВЛ. 3 мамыр. ҚазАқпарат - Таяуда Петропавл қаласының сәулеттік кейпі өзгеріске ұшырайды.
None
None

Аймақ басшысы Самат Ескендіровтің бастамасымен облыс орталығының ажарын аша түсіп, абаттандыру үшін едәуір жұмыс қолға алынбақ. Бірнеше жаңа саябақ ашылады, шаһардың орталығындағы су бұрқақтар қайта қалпына келтіріліп, Қазақстан Конституциясы көшесі мен Жамбыл көшесінің жаяу жүргіншілер жүретін кеңістікте мүсіндік композициялар орнатылып, ғимараттардың қасбеті гүлмен безендіріледі және дүкендер мен халыққа қызмет көрсететін басқа да нысандар жарықтандырылады деп жоспарланып отыр.

Өзгерістердің дені қалаға кіреберіс магистралінің оңтүстігі Жамбыл көшесіне қатысты. Онда заманауи көпқабатты тұрғын үйлер, әлеуметтік-мәдени маңызы бар нысандар және жабық спорт сарайы бой көтереді.

Қаланың бас жоспарын іске асыру жолында 227 жер учаскесі сатып алынып, ондағы құрылыстар ысырылады. Бүгінде бұл бағытта жобалық-сметалық құжаттар әзірлену үстінде.

Облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының бастығы Валерий Затайдың айтуынша, қаладағы негізгі магистральдардың өткізу қабілеттерін жақсарту үшін өңір басшысы Мағжан Жұмабаев көшесінен Ғабит Мүсрепов көшесіне дейін жеке тұрғын үйлердің бойымен жол салуды тапсырды. Қала әкімінің тарапынан 22 жер учаскесін жеке меншіктен шығарып, ондағы құрылыстарды ысыру туралы қаулыға қол қойылған. Жолды салу жобасы дайын, биылғы жылдың 3 маусымынан қызу жұмыс басталмақ. Ал мүліктерінен айрылған тұрғындарға өтемақы ұсынылады немесе облыс орталығынан пәтерлер беріледі.

Соңғы жаңалықтар