Жақып Асанов жаңадан тағайындалатын прокурорлардан бейне есеп талап етуде

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Бас прокуроры Жақып Асанов жаңадан тағайындалатын прокурорлардан атқарған жұмыстары бойынша бейне есеп талап етуде.
None
None

Бұл жайында ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнаулы есепке алу комитетінің төрағасы Бағдат Мусин Фейсбуктегі өзінің парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Комитет төрағасы Фейсбукте жария еткен видеода осыдан 2 ай бұрын ғана Екібастұз қаласының прокуроры болып тағайындалған Берік Адамов аталған уақыт аралығында атқарған жұмыстары жайында есеп береді.

«Бұл видеода Б.Адамовтың 2 ай Екiбастұздың прокуроры мiндетiн атқарғанда жасаған жұмысының есебiн көре аласыздар. Ол неге бұлай жасады? Бұл, Бас прокурор Жақып Асановтың жаңадан тағайындалатын өңірлік (қалалар, облыстар) прокурорларға қоятын талабы. Екі ай мiндетiн атқарғаннан кейін осындай видео есеп жiберу қазiр әрбiр прокурордан сұралады, содан кейiн ғана оны тағайындау бойынша соңғы шешiм қабылданады», - деп атап өтеді ол.

«Менiңше, дұрыс бастама. Жауапты лауазымда отырған әрбір қызметкер халық алдында осылай есеп берiп тұрса, әлеуметтiк желiде кез келген адам оны көре алса, онда бұл - әлеуметке бағдарланған қызметкерлердiң пайда болуына апартын тiкелей жол», - деді Бағдат Мусин. 

«Жұмысымның алғашқы күнінен бастап халықпен сұхбаттастық құруға баса назар аудардым. Ірі кәсіпорын жұмысшыларын жеке қабылдап, жергілікті ақсақалдармен және қаланың құрметті тұрғындарымен кездесу ұйымдастырдым. Мұнымен шектелмей, әлеуметтік желіге де шықтым. Күн сайын онда азаматтардың құқығын қорғауға қатысты жарқын мысалдарды салуға, атқарылған жұмыстарды жариялауға, заң нормаларын түсіндіруге, сонымен бірге әлеуметтік сауалнамалар жүргізуге тырыстым. Екі айдың ішінде біз 4 мың азаматтың сеніміне ие болдық», - деді Берік Адамов өзінің Бас прокурор мен комиссия мүшелеріне арнаған бейнебаянында.

Соңғы жаңалықтар