Жамбыл облысында тоқыма өнеркәсібін қайта жандандыру мәселесін қолға алуымыз керек - Қ. Аралбекова

Бүгінде Қазақстанмен әріптестік байланыс орнатуға бейіл мемлекеттер жетерлік. Елде жаңа өндіріс орындарын салу үшін инвестиция құюға ниетті алпауыттар бар. ДСҰ-ға мүше болуымыз осындай жобалардың іске асуына мұрындық болмақ. Сарапшы мамандардың айтуына сенсек, ДСҰ-ға кіруіміз қарапайым бұқара үшін тиімді болады. Өйткені, тауар бағасы едәуір арзандайды. Базардағы нарықтың үйдегі көңіл-күйді билейтінін ескерсек, бұл халқымыз үшін жағымды жаңалық болып отырғаны сөзсіз. Бұл тұрғыда облыс деңгейінде де ауқымды жұмыстар атқарылмақ. Себебі, Жамбыл облысы ДСҰ-ға мүшелікке бізден де бұрын өткен Қырғыз елімен көрші жатқандықтан айыр қалпақты ағайындардың арзан азық-түлігі мен киім-кешегі біздің нарыққа қарай ағылары сөзсіз. Мәселеге мән беріп қарайтын болсақ, бұдан қорқудың еш қажеті жоқ. Себебі, Тараз қаласындағы орталық базар, Қордай, Меркі, Т.Рысқұлов аудандарындағы бос тұрған базарлар арзан тауарлармен толығып, жергілікті бюджетке түсетін салық түсімдері де арта түспек. Сонымен қатар, Жамбыл облысында бір кездері тасы өрге домалаған тоқыма өнеркәсібін қайта жандандыру мәселесін де қолға алуымыз тиіс деп білемін. Себебі, көрші елдің арзан киім-кешегі біздің нарыққа келген кезде олармен бәсекелесе алатындай жағдайда болуымыз қажет.
Әдетте ұйымға мүше мемлекеттердің бағыты ортақ болғанмен, мүдделері әрқилы келеді. Әрбір ел өз мемлекетінің мүддесі тұрғысынан әрекет ететіні айтпаса да түсінікті. Қазақстанның бұл ұйымға мүше болуының ұзаққа созылуы да осы мүдделердің кей жерде тоғыспай жатуынан болса керек. Мүдде демекші, күні ертең елімізге шетелдік тауар жаппай әкеліне бастағанда отандық кәсіпкерлер бәсекеге төтеп бере алмай, жағаға шығып қалмауы тиіс. Өз кезегінде Үкімет жергілікті тауар өндірушілерді ұйым талаптарына томпақ келмейтіндей етіп қолдау білдіру үшін қолдан келгенінше көмек көрсетуде. Шағын және орта бизнесті қолдау, ауыл шаруашылығын дамыту бағытындағы түрлі мемлекеттік бағдарламалар отандық бизнесті бәсекелестік ортаға дайындаудағы оңтайлы шаралар деп білемін. Бұл тұрғыда ДСҰ-ға мүше мемлекеттердің тәжірибесінің тыңғылықты зерттеліп, зерделенгені даусыз. Халықаралық келісімдерге қайшы келмейтін болса, Ресейдегі отандық тауар өндірушілерді қолдау тәжірибесін негізге алуымызға болады. Себебі, көрші елде сатып алулар бірінші кезекте отандық тауар өндірушілердің мүддесін көздейтінін айта кеткен ләзім.
Ресей рублінің құнсыздануы мен мұнай бағасының қысқа күнде қырық құбылуы біздің кәсіпкерлер үшін оңай тимегені рас. Ресейден тасымалданып жатқан арзан тауар бәсекесіне жергілікті тауар өндірушілердің бірқатары төтеп бере алмай, шаруасын шатқаяқтатып алды. Әлемдік сауда ұйымының табалдырығын аттағанда осы жағдай қайталанбауы тиіс деп білемін.
Қысқасы, әлемдік тауар айналымында елеулі орынға ие ұйымға мүше болып, дамыған елдермен тең құқықтық дәрежеде алыс-беріс жасауға біз қай қырынан алғанда да мүдделіміз. Тек бізге дейін мүшелікке қабылданған көрші елдердің қателіктерін қайталамас үшін, олардың іс-тәжірибесінен сабақ ала білген жөн.