Жамбыл облысы тамшылатып суару технологиясымен алма өсіруді қолға алуда

Облыстың Жамбыл ауданында 536 гектар алма бақтың 145 гектарында жеміс ағашы бұрыннан өсіріліп келеді. Ал 391 гектары жеміс-жидек дақылдарын өсіруге жұмсалған шығынды субсидиялайтын бюджеттік бағдарлама аясында отырғызылған жаңа көшеттер есебінен молыға түсті.
Соның ішінде Ақбұлым ауылының бір өзінде бағбандықпен айналысып отырған 90 шағын шаруашылық бар. Олар 155 гектар жерге алма өсіріп отыр. «Ақбұлым» шаруа қожалығында 8 гектар алма бақ бар. Оның 5 гектары Құмтиын ауылында. Ақбұлымдағы алма баққа негізінен сары және қызыл түсті «Голден-Делишес», «Ред-Делишес», «Айдаред» және тағы басқа жаздық, күздік сұрыптар орналастырылыпты.
2009 жылы алғаш отырғызылған алма көшеттерінің әр гектары 4 жылдан кейін, 3-4 тоннадан өнім бере бастаған. Бірер жылдан кейін ол гектарына 30-40 тонна өнім береді. Өнім Оңтүстік Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстары мен Тараз қаласының ірі сауда орындарына өткеріледі. Алманың аталған сұрыптары тасымалдауға, сақтауға да төзімді. Ол ағзаға қажетті дәрумендерге өте бай әрі дәмді. Шырынынан шарап, сусын дайындалса, медицина саласы оны емдік дәрі ретінде де, яғни ағзаны ауыр металдардан арылтуға, қан бұзылуы және жүрек ауруларын емдеуге қолданады екен.
«Алма ағаштарын жылына 4 рет дәрілейміз. Қара күзде ағаштар күзеліп, қарама-қайшы өскен өскінді бұтақтарын бұтау кезінде бір апта 5-6 адам, жиын-терін науқанында 15 шақты адам жұмыспен қамтылады», - дейді «Ақбұлым» шаруа қожалығының төрағасы Мараталы Төребеков.
Оның айтуынша, Құмтиын ауылында 5 гектар алқапта интенсивті бақ өсіру енді ғана қолға алынып жатыр екен. Кооператив болып құрылған 10 шаруашылық «Аlatau fruit» компаниясымен бірігіпті.
Әрбір гектарға Голландиядан әкелінген 2 500 түп көшет отырғызылып, тамшылатып суару технологиясы қолданылуымен өсірілетін интенсивті баққа аталған фирма екі жыл жетекшілік етеді.
Бүгінде шаруалар аз шығынмен мол өнім алудың амалын ойлап, сырттан жоғары сұрыпты алма көшеттерін әкелумен қатар жаңа технологияларды енгізуге күш салуда. Әсіресе, тамшылатып суарудың таңдаулы әрі тиімді тәсіл екенін сөз еткен Аманкелді Әбдібеков: «Жалпы, аудан бойынша интенсивті бақ көлемі 98 гектарды құрайды. Атап айтсақ, Ақбастау ауылдық округіндегі «Шоқай-Жеміс», Көлқайнар ауылдық округіндегі «Агро KZT», Жамбыл ауылдық округіндегі «Сады-Востока», Қаракемер ауылдық округіндегі «ALTYN ALMA» АТК - отбасылық жеміс бағы мен жеке шаруашылық серіктестіктері Сербия, Түркия, Польша, Голландия елдерінен әкелінген жоғары сұрыпты алма көшеттерін осындай жолмен егіп, өсіруді қолға алуда. Алдағы уақытта осы бағыттағы алқаптар көлемін 112 гектарға жеткізу жоспарланып отыр. «Ақбұлым» шаруа қожалығы биыл 5 гектар жерге егіп, өсірілетін интенсивті бақта тамшылатып суару технологиясын қолданып, тәжірибе жинақтау күтіліп отыр», - деді.
Нұрым Сырғабаев