Жамбыл облысында 10 қап марихуанамен Бішкек тұрғыны ұсталды

Жедел іс-шара жүргізу барысында Сарғау ауылынан 35 шақырым жердегі құмалды «Сарғау» аумағында қарасора жинаумен айналысып жүрген Бішкектің 33 жастағы тұрғыны ұсталды. Жамбыл облыстық ішкі істер департаментінің есірткі бизнесімен күрес басқармасының бастығы полиция полковнигі Нұржан Қалметовтың айтуынша, әлгі азамат 680 келі есірткі шөбін қаптап қойған болып шықты.
Тексеру барысында әлгі күдіктінің бұған дейін де есірткі қылмыстары үшін көрші республикада істі болғаны анықталды. Ол 10 қап марихуананы сатып, 800 мың теңгедей табыс таппақ болған. Күдікті қазір абақтыға жабылды, оның үстінен қылмыстық іс қозғалып отыр.
«Көкнәр-2010» операциясы басталғалы бері біз 7 тоннадан астам қарасора тәркілеп, есірткінің заңсыз айналымымен байланысты жүз шақты қылмысты анықтадық, оның ішінде 30 факті - есірткі сатумен байланысты», - деп хабарлады есірткі бизнесімен күрес басқармасының басшысы.