Жамбыл облысында биыл «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық дәлізінің 185 шақырымы пайдалануға беріледі.
Бұл өңірде жол құрылысына 5 мердігер компания тартылған. Олардың техника мен жұмысшыларды дер кезінде жұмылдырып, материалдарды уақытында дайындап үлгерулерінің арқасында цемент- бетонды төсемелі 4 учаскенің құрылысы аяқталды.
Автомобиль жолдары комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің директоры Ұлан Әліповтің айтуынша, «облыс аумағында жол асулары мен дөңестерінің, қиын бұрылыстардың көптеп кездесуі көлік қатынасын едәуір қиындатқан болатын. Бұл өз кезегінде облыста жол-көлік апаттарының жиілеп кетуіне де себеп болды».
Жолды қайта салу жобасын әзірлеу барысында осы аумақтың жер бедерінің ерекшеліктері де ескерілді: асуларды тіліп өту, ойпаң учаскелердің деңгейін көтеру, сонымен бірге қиын бұрылыстарды түзеу көзделген.
Мұның сыртында, көліктер ағынының қозғалыс жылдамдығын арттыру мақсатында, өзге өңірлердегідей елді мекендерге соқпай өту үшін айналма жолдар, көлік айырымдары, көпірлер, жануарларға арналған өтпелер салу қарастырылған болатын.
Транзитті жүк көліктері мен қоғамдық көліктер ағынының көптігіне байланысты облыста бірінші техникалық санаттағы 4 жолақты доңғалақ тойтарғыш білемдер түріндегі бөлгіш тосқауыл қоршаулары бар жол құрылысы салынуда. Бұл құрылыстар қарсы келе жатқан көліктердің бір-біріне тіке соқтығысуын, жол шетіне шығып кетуін болдырмайды.
«Батыс Еуропа - Батыс Қытай» магистралін қайта салу Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың бастамасымен 2009 жылы қолға алынды. Батыс пен Шығысты жалғаған сауда магистралі - «Ұлы Жібек жолын» бес ғасыр өткен соң қайта жаңғыртуды Елбасы өзі ұсынған еді. Нәтижесінде көрші мемлекеттермен бірқатар меморандумдар қабылданып, жобаны жүзеге асыру туралы келісімге қол жеткізілді.
Бұл жоба Қазақстан үшін еліміздің транзиттік әлеуетін іске асырумен қатар республикамыздың оңтүстігі мен батыс өңірлерінің бір-бірімен сенімді көлік байланысын орнатуы үшін де тартымды.
«Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі бұл - Қытайдан Еуропаға тауар тасымалдаудың ең қысқа жолы. Бұл қашықтықты аталған көлік дәлізімен жүріп өтуге 10 күн кетеді, ал темір жол арқылы жүріп өтуге 15 күн жұмсалатын болса, теңіз арқылы аталған қашықтықты жүріп өтуге бір жарым ай уақыт (45 күн) кетеді.
«Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің қазақстандық учаскесінің ұзындығы 2 787 км құрайды, соның 2 452 км қайта салуды қажет етеді. Қазір құрылыс жұмыстары 4 облыста: Ақтөбе, Қызылорда, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстанда 34 учаске бойынша 1 621 км жолы бойында жүргізілуде. Бүгінге 215 км құрайтын Қарабұтақ - Ырғыз - Қызылорда обл. шекарасы пайдалануға берілді. Ағымдағы жылы 700 км жолды тапсыру көзделуде. Қазақстандық учаскені толық аяқтау және пайдалануға беру 2015 жылға жоспарланып отыр.