Жамбыл облысында ОҚО-ның «Қазыналы Оңтүстік» атты мәдениет күндері өтуде

АСТАНА. 16 сәуір. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай жиырма қадам» мақаласында облыстар арасында ақпараттар және мәдени жетістіктер алмасуды күшейту үшін өзара «облыс аптасын» өткізу жөнінде тапсырма берілген болатын.
None
None

Осыған орай, 15-19 сәуір аралығында Жамбыл облысында «Қазыналы Оңтүстік» атты Оңтүстік Қазақстан облысының мәдениет күндері апталығы басталды. Бұл туралы ОҚО әкімдігі баспасөз қызметінен хабарланды.

Бүгінгі таңда, Оңтүстік Қазақстан облысында 750 мәдениет және өнер мекемесі халыққа мәдени қызмет көрсетуде. Оның iшiнде: 434 кiтапхана, 271 клуб мекемелері, 13 мұражай (12 филиал), 8 кәсіби театр, 2 кинотеатр, 12 саябақ, 1 облыстық филармония, 1 облыстық «Оңтүстікфильм» мекемесі, 1 «Оңтүстік-Цирк» мекемесі және тағы басқалары бар. Облыс аумағында топтасқан маңызы зор тарихи-мәдени және сәулеттік ескерткіштердің жалпы саны - 1209 болса, мемлекеттік тізімге енгізілген жергілікті маңызы бар ескерткіштер - 434. Аймақтағы ескерткіштердің 742-і заңнамалық тиісті мәртебесі анықталғанға дейінгі алдын ала есепке алу тізіміне ендірілген.

Ал Жамбыл облысындағы мәдениет күндері кеше «Баласағұн» атындағы облыстық концерт залында «Шырайлы Оңтүстіктің шежіресі» атты Оңтүстік Қазақстан облысы мұражайларының және қолөнер шеберлері мен суретшілердің кеңейтілген көрме-экспозициясының салтанатты ашылуымен бастау алған еді. Бүгін, 16 сәуірде балалар үйілері мен мектеп-интернаттарда «Балаларға - базарлық» «Оңтүстікфильм» мекемесі дайындаған Б.Құлжабайдың «Қошқар мен теке», «Момын мен қарақшылар», Д.Исабековтың «Мұңлық-Зарлық», Б.Дәуренбековтың «Ертегілер еліне саяхат» анимациялық фильмдерінің көрсетілімі мен облыстық қуыршақ театры дайындаған М.Малюченконың қазақ және орыс тілдеріндегі «Мақтаншақ», «Хвастунишка» қойылымдары өтеді. Ертең, 17 сәуірде Жамбыл облыстық қазақ драма театрында облыстық әзіл-сықақ және сатира театры әзірлеген Уәлибек Абдраимов пен Ғалымжан Қаппаровтың «Өгізбайдың отбасы» сазды-думанды қойылымы болады. Ал 18 сәуір күні «Баласағұн» атындағы облыстық концерт залында «Оңтүстік-цирк» мекемесінің «Алақай, Балақай» қойылымы және Жамбыл облыстық қазақ драма театрында облыстық өзбек драма театры дайындаған Ильхом Зайырдың «Қарыз» қойылымы жоспарланған. Бұдан бөлек, Тараз қалалық мәдениет үйінде «Ұлысымның ұйытқысы - Оңтүстік» атты облыс ақын-жазушыларының Тараз қаласының оқырмандарымен кездесу кеші, сонымен қатар, «Баласағұн» атындағы облыстық концерт залында Оңтүстік Қазақстан облысы өнер шеберлерінің Гала концерті өтеді.

Соңғы жаңалықтар