03:44, 31 Қазан 2015 | GMT +5
Жамбыл облысында сот «Даму» қорының 26 млн астам қарызын белгілі ЖШС-дан қайтару туралы шешім шығарды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында талапкер «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның жауапкер «Ferrum-2005» ЖШС-дан 26 770 183 теңге қарыз сомасын өндіру туралы азаматтық ісі қаралды, деп хабарлады аталған соттың баспасөз қызметінен.
Талапкер өзінің талабын, 16 қазан 2007 жылы жауапкермен келісім шарт жасалғанын, ол бойынша қарыз беруші қарыз алушыға «Шу қаласындағы қызыл кірпіш өндірісі құрылысын қеңейту» жобасын қаржыландыруға 5 жыл мерзімге жылына 10 пайызбен 31 250 000 теңге несие берілгенін негіздеген. Алайда, жауапкер келісім шарт бойынша өз міндеттемелерін тиісті түрде орындамаған, өз тарабы жағынан қарыз соманы төлеу бойынша ешқандай шаралар қолданбаған. Сот шешімі бойынша, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның талап арызы толық көлемде қанағаттандырылды. Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.