Жамбыл облысында сымдардың қысқа тұйықталуынан бір күнде 3 көлік жанып кетті
Мойынқұм ауданының Мойынқұм ауылында тұрғын үйдің ауласында «УАЗ» көлігі отқа оранып, оның 31 жастағы қожайыны ІІІ-ІV дәрежелі күйік жарақаттарын алды. Ер адамның денесінің 70 пайызын күйік шалды. Ол Мойынқұм ауылындағы ауруханаға жеткізілді. Жалынды аудандық 12-інші Өрт сөндіру бөлімінің 1-інші бөлімшесінің мамандары 20 минуттың ішінде ауыздықтады.
Тараз қаласында жеке тұрғын үйлер секторында тілсіз жау «ГАЗ-24» көлігін шарпыды. Зардап шеккендер жоқ. Өртті 1-інші Өрт сөндіру бөлімінің екі бөлімшесінің көмегімен 20 минуттың ішінде сөндірді.
Байзақ ауданында Алматы-Ташкент тас жолының 465 шақырымында «БМВ 525» көлігі күлге айналды. Байзақ аудандық 8-інші Өрт сөндіру бөлімінің 1-ші бөлімшесінің мамандары тілсіз жауды 15 минутта ауыздықтады.
Барлық жағдайда оттың тұтануының себебі сымдардың қысқа тұйықталуы болды. Материалдық шығын анықталу үстінде.