Жамбыл облысындағы моноқалаларды дамытуға 4,9 млрд. теңге жұмсалады

ТАРАЗ. 15 наурыз. ҚазАқпарат - Жамбыл облысының Қаратау және Жаңатас қалаларын дамытуға жақын жылдары 4,9 млрд. теңге жұмсалады, деп хабарлады Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметінен.
None
None

2012 жылы дайындалған кешенді дамыту жоспары аясында Жаңатас пен Қаратауда 50-ден астам көпқабатты үйлер қалпына келтіріліп, 120-дан астам апатты ғимарат бұзылады.

Тұрғындардың оңтайлы санын есепке ала отырып су, жылу, газбен жабдықтау және кәріз жүйелерін жаңарту жоспарланып отыр. Қалаларды жайластыру - көшелерді жарықтандыру және көгалдандыру, қоқысты шығару, рұқсат етілмеген қоқыс тастайтын орындарды жою, қараусыз қалған нысандарды бұзу, тұрмыстық қатты қалдықтар мен мал қорымдарының полигондарын орналастыру, алаң, көше және саябақтарды абаттандыру, балалардың аулалық ойын алаңдарын орнату, ішкіқалалық жолдарды, арық желілерін жөндеу, табиғатты қорғау шараларын өткізу мәселелері шешіледі.

2012 жылы бағдарлама аясында шағын қалаларды абаттандырудың бірінші кезекте тұрған мәселелерін шешу үшін 190 млн. теңге бағытталды.

Әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға «Еврохим-Удобрения» компаниясы 735 млн. астам теңгені бөліп отыр. Бұл қаражатқа 120 пәтерлік тұрғын үй қалпына келтіріліп, Жаңатас қаласындағы Балалар-жасөспірімдер орталығы мен «Балдырған» балабақшасы күрделі жөндеуден өтеді, Қаратауда «Күн Нұры» балабақшасы қалпына келтіріліп, спорттық зал салынады.

Бұдан басқа, шағын қалаларды дамыту бағдарламасы аясында Жаңатас қаласының тұрғындарын табиғи газбен қамтамасыз ету, сондай-ақ Жаңатастан Түркістанға дейін темір жол салу мүмкіндігі қарастырылуда.

Аталған жобалардың Қаратау және Жаңатас қалаларында іске асырылуы үш мыңнан астам жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді, деп хабарлайды аймақ әкімінің баспасөз қызметінен.

Соңғы жаңалықтар