Жамбыл облысының әкімі Мойынқұм ауданындағы шалғай ауылдарды аралады

Өңір басшысы жұмыс сапарын Мыңарал балық зауытының жұмысымен танысудан бастады. Жоба индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасы аясында 2014 жылы жүзеге асқан. Жобаның құны 600,0 млн. теңгені құрайды. Кәсіпорын жылына 1,5 мың тонна балық өңдейді. Зауыт жұмысы балықты мұздатып сақтау және өңдеуге бағытталған. Бүгінде зауытта 36 адам жұмыспен қамтылған.
Кәрім Көкірекбаев «Жамбыл өндірістік цемент компаниясы» ЖШС-нің жұмыстарымен танысты. Кәсіпорын M400-D20, M500 маркалы жоғары сапалы цемент өндіреді. Зауыт жылына 1,2 млн тонна цемент шығарады. Жалпы құны 35 млрд теңгені құрайтын жоба индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша 2011 жылы жүзеге асырылды. Осы жобаның жүзеге асырылуына «Vicat Group» француз компаниясы қатысты. Кәсіпорын 244 адамға тұрақты жұмыс орнын беріп отыр.
Сондай-ақ, Шығанақ ауылындағы 140 орындық балабақшаның құрылыс жұмыстарымен танысты. Құрылыс басында 35 адам жұмыс істейді. Құрылыс жұмыстары ағымдағы жылдың тамыз айында аяқталады.
Сонымен қатар, облыс әкімі Хантау цемент зауытына барды. Зауыт жылына 500,0 мың тонна цемент өндіреді. Жалпы құны 8,3 млрд теңгені құрайды. Кәсіпорын 302 адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз етіп отыр.
Келесі кезекте облыс әкімі ауданға қарасты Биназар ауылындағы мал сою алаңының жұмысымен танысты. Алаң жылына 200 бас мүйізді ірі қара, жылқы, түйе, 500 бас уақ мал союға арналған. Биылғы 5 ай ішінде 29 бас мүйізді ірі қара,7 бас жылқы,168 бас уақ мал сойылған. Өңір басшысы шаруа қожалығының иесіне ірі қара малдың басын көбейту үшін асыл тұқымды бұқалар мен етті ірі қара мал сатып алудың қажеттілігін айтты.
Облыс әкімі сапар соңында аудан активімен жиналыс өткізді. Жиын қорытындысында тұрғындардың айтылған өтініштері бойынша аудан әкімі Б. Нүркеновке және барлық облыстан барған басқарма басшыларына бірқатар тапсырмалар жүктеді.