Жамбыл облысының Қордай және Мерке аудандары Қырғызстаннан толық көлемінде суармалы су алады

ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Кеше Бішкекте Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаевтың Қырғыз Республикасы Үкіметінің Шу облысындағы өкілетті өкілі Қанатбек Исаевпен кездесуі барысында соңғы жылдары өзекті болып отырған суармалы су проблемалары бойынша шешімге қол жеткізілді.
None
None

Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, қазақстандық делегацияның сапары барысында су шаруашылығы саласындағы мәселелер талқыланды. Қол қойылған меморандумға сәйкес Қырғыз Респбуликасы Үкіметінің Шу облысындағы өкілдігі су ресурстарын бөлуді бақылауға және бірлесе басқаруға кедергісіз қолжетімділікті, сондай-ақ Жамбыл облысының Қордай және Мерке аудандарына үздіксіз су беруді қамтамасыз ету жөнінде шараларды қолға алады.

Еске сала кетейік, Жамбыл облысы көршілес Қырғызстанның су ресурстарына 80 пайыз тәуелді. Облыс аумағына келетін трансшекаралық су ағыны Қазақстаннан тыс жерлерде қалыптасады. Жамбыл облысының Қырғызстаннан суға тәуелсіздігін қамтамасыз етуде суға тәуелділікті төмендету үшін өңірде бірқатар шаралар қолға алынуда.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, құны 5,3 млрд. теңге тұратын Көксай суландыру арнасы салынды және жұмыс істеп тұр (бұрын қырғыз тарапы суды өз бетімен жинап алуы салдарынан Жуалы ауданының ауыл шаруашылығы алқаптары зардап шекті). Сонымен бірге 2020 жылға дейінгі су ресурстарын басқару мемлекеттік бағдарламасы ауқымында өңірде жалпы құны 25 млрд. теңгенің 4 шағын су қоймасын салу және бес су шаруашылығы нысандарын жаңарту көзделген.

«Облыста ауыл шаруашылығын дамытуды жеделдету үшін ҚР Үкіметіне Қордай және Мерке аудандарындағы үш шағын су қоймаларын салуды жүзеге асыру мерзімдерін ауыстыруға жәрдемдесу жөнінде ұсыныс жасалды. Сондай-ақ 2015-2016 жылдары жалпы құны 14,8 млрд. теңгенің Қақпатас су қоймасын және магистральды арна тартып, су қоймасының бас су алу торабын жаңғырту жөнінде өтініш жасалды», - деп атап өтті Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев.

Қазақстандық делегацияның Бішкекке сапары барысында Қазақстан мен Қырғызстанның шекаралас облыстары арасындағы екіжақты ынтымақтастық мәселелері талқыланды.

Соңғы жаңалықтар