Жамбыл облысының тас жолдарында екі айуандық шабуыл жасалды
Қара бетперде киіп алған, қолдарында қарулары бар 20-25 жас аралығындағы алты белгісіз адам Шымкенттен Үрімшіге жол жүріп келе жатқан «Neoplan» автобусына қарақшылық шабуыл жасады, автобустың ішінде 16 адам отырған еді.
Ведомствоның баспасөз қызметінен хабарлағандай, бұл оқиға 9 қазан күні түнгі сағат 02:00-де Шу ауданындағы Көкқайнар ауылының шетіндегі қараусыз қалған «НарОйл» жанармай құю стансасының маңында орын алған. Сол жерде жүргізушілер аялдап тұрады. «Автобустың есіктері ашылған соң, оның ішіне бетперде киіп алған, қолдарында қарулары бар алты жігіт басып кірген. Оларға қарсылық танытпақшы болған жүргізушілерге оқ атып жаралады. Қарақшылар жолаушылардан 3,5 млн. теңге көлемінде ақша, алтын бұйымдар мен ұялы телефондарын тартып алған. Оқиға орнынан 12-ші калибрлі гильза мен ұрланған жеті ұялы телефон тәркіленді», - деп хабарлайды баспасөз қызметінен.
Осы ауыр қылмысты ашу үшін ІІД қызметкерлерінен арнайы жедел тергеу тобы құрылып, жедел-іздестіру шараларының жоспары жасалды. Қарақшылық шабуылды ашу бойынша болуы мүмкін барлық нұсқалар қарастырылуда. Қылмысты автобустың қозғалысын бақылап отырған, бұрын сотталған тұлғалардың жасауы ықтимал. ҚР ҚК-нің 179 бабының 3 бөлімі - ірі көлемдегі мүлікті тонау мақсатымен жасалған қарақшылық бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Түрлі жарақаттар алған 1969 және 1986 жылғы екі жүргізуші Қордай ауылының Орталық аудандық ауруханасына жеткізілді. Жолаушылардың ешқайсысы зардап шеккен жоқ, деп сендірді полиция ведомствосынан.
Бұдан басқа, жамбылдық полицейлер 13 қазанда түнде болған жүк тиелген көліктің жүргізушісіне жасалған қарақшылық шабуылдың сыбайластарын іздестіруде.
Облыстық ІІД-нің баспасөз қызметі таратқан хабарламаға сәйкес, Алматы-Шымкент тас жолының айналмалы жолында, Жамбыл ауданының Шайқорық ауылының қасында «Ауди-80» көлігіне мінген анықталмаған тұлғалар жалпы бағасы 2,5 млн. теңгені құрайтын ұн тиелген тіркемесі бар «КамАЗ» көлігіне қарақшылық шабуыл жасады.
«Оқиға шытырман оқиғалы фильмдегідей дамыды. Жеңіл көлік аздаған қуғыннан кейін жолыма тұрды, сондықтан көлікті тоқтатуға тура келді», - деп еске алады 46 жастағы жүргізуші.
Көліктің алдыңғы әйнегін таспен сындырған шабуылшылар жүргізушіні соққыға жығып, оның бағалы заттарын, ақша, құжаттарын тартып алған, өзін жолдың шетіне тастап кеткен. Алайда олар тіркемесі бар ірі жүк көлігін жүргізе алмай, бірнеше метр жүріп оны да тастап, оқиға орнынан іздерін суытқан.
Көп ұзамай жедел-іздестіру шараларын өткізу кезінде қылмыстық полиция бөлімінің қызметкерлері шабуылшылардың бірі, Байзақ ауданының 22 жастағы тұрғынын ұстады. Оның үйін тексеру кезінде айғақ дәлелдер - жәбірленген жүргізушінің құжаттары, жүргізуші куәлігі, ақшасы табылды.
Қазіргі кезде Жамбыл АІІБ-нің қызметкерлері ұсталған азаматтың сыбайластарын іздестіруде, олардың есімдері белгілі.
ҚР ҚК-нің 179 бабының 2 бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Қылмыстың осы түрін жасағаны үшін он жылға дейін бас бостандығынан айырылу жазасы қарастырылған, бірақ қылмыскерлер одан да көп мерзімге сотталуы мүмкін. Олар Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің тағы екі бабы - ұрлық және автокөлік құралын айдап әкету бойынша жазаға тартылуы ықтимал, деп нақтылады Жамбыл облыстық ІІД-нің баспасөз қызметінен.