Жамбыл полициясының әйел қызметкерлері алтын алқа ұрлаумен айналысып келген қылмыскерлерді тұзақтады
ІІД Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Ахат Әбдезов сәтті аяқталған «Тұзақ» операциясы туралы баспасөз брифингінде мәлім етті.
«Күн жылына бастағалы бері - көшедегі адамдардың мойындарындағы алтын алқалар мен қолдарындағы ұялы телефондарын жұлып әкету сияқты маусымдық қылмыстар көбейіп кетті. Жағдайды жіті қадағалап отырған біздің департамент профилактикалық немесе жедел cипаттағы шаралар қабылдауда. Көшеде кетіп бара жатқан қыз-келіншектердің мойындарындағы алтын алқаларын, қолдарындағы ұялы телефондарын ұрлап «оңай олжаға» батқысы келетіндерге мынаны ескерткім келеді: облыс орталығында оларға «тұзақ құрумен» айналысып отырған арнайы жасақ жұмыс істеуде. Ол жасаққа кіретін және жекпе-жек әдістерін меңгерген әйел қызметкерлер қылмыскерлерді өз қолдарымен ауыздықтай алады. Оған қоса, олар штаттық киім киген тәртіп сақшыларының бақылауында болады.
Ахат Әбдезовтың айтуынша, Таразда алтын әшекеймен жүрген әрбір бесінші қыз-келіншек киімін ауыстырған полиция қызметкері болып шықса, таң қалмаңыздар. Жедел жағдайды оңалту мақсатында ішкі істердің жеке құрамы күшейтілген жұмыс режиміне ауыстырылып отыр, деп хабарлады Жамбыл облыстық ішкі істер департаментінен.