Жамбыл және Алматы облыстарында аусыл ауруының жаңа ошақтары тіркелді

Бұл туралы бүгін Ауыл шаруашылығы министрлігінде өткен брифинг барысында Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының орынбасары Мереке Тайтубаев мәлім етті.
«Қауіпті мал ауруы ошағының пайда болуына негізінен шекаралас мемлекеттерден контрабандалық жолмен әкелінген малдар себеп болуы мүмкін. Атап айтқанда, Жамбыл облысы Қордай ауданында індет ошағының пайда болу себептерінің алдын ала мәліметі бойынша барлық ауруды жұқтырған және аусыл ауруының клиникалық белгілерімен ауырған 26 бас ірі қараның контрабандалық жолмен әкелінгені анықталып отыр», - дейді Мереке Тайтубаев. Оның айтуынша, індет анықталған шаруашылықта барлығы 54 бас ірі қара, 260 бас ұсақ мал, 40 бас жылқы бар. Бұл бекет аудан орталығынан 135 шақырым қашықтықта орналасқан. Қазіргі таңда барлық ауру малдардан патологиялық материалдың сынамасы алынып, нақты диагнозды анықтау үшін зертханаға жіберілген.
«Осыған байланысты, аудандардың бас мемлекеттік инспекторларына аусылға карантиндік режим қою туралы ұсыныс берілді. Бүгінде Қазақстанмен шекаралас жатқан және түрлі қауіпті індеттер шығуы мүмкін елдердің бар екенін атап өту керек. Оның ішінде аусыл індеті таралуы ықтимал бірнеше мемлекет бар. Бұған өткен жылғы Қырғызстанда аусылдың 3 ошағының тіркелгендігі дәлел», - дейді төраға орынбасары. Оның айтуынша, былтыр Қырғыз елі өзіндегі жағдай туралы Халықаралық эпизоотиялық бюроға бірде-бір хабарлама жібермеген. «Алайда, індеттік аурулар бойынша қолайсыз мемлекеттерден тірі мал және бақылаудағы өнімдерді әкелуге шектеу енгізілгеніне қарамастан, Қазақстанның мемлекеттік шекарасы арқылы малдарды контрабандамен тасымалдау фактісі көрініс табуда. Осы себепті Қазақстан аумағында аусыл ауруының шығуын және таралуын алдын алу бойынша оңтүстік облыстардан, оның ішінде Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарынан ауруға бейім жануарларды шығаруға шектеу енгізу бойынша қосымша шаралар қабылданды», - дейді М. Тайтубаев.
Ескере кететін жайт, аусыл ауруының басқа ошағы Алматы облысы Жамбыл ауданы Үңгіртас селолық округінің «Мұса» мал жайылымында орналасқан «Болашақ» шаруа қожалығында анықталды. Бұл өңірден ірі қара малдарын тексерген кезде аусыл ауруының клиникалық белгілері анықталған. Сонымен қатар, өткен жылы және биыл аусыл індетінің салдарынан жаңа туылған 3 бас төлдің өлгендігі белгілі болды.