Жамбыл және ОҚО делегациялары Германияда бірқатар уағдаластықтарға қол жеткізді

Баден Вюртемберг федералдық жеріне жасаған сапары барысында ОҚО делегациясы ауыл шаруашылығы, құрылыс, жаңартпалы энергетика, суарма технологиялар және өндеу салаларының мәселелері бойынша бірқатар кездесулер өткізді.
Штутгартта делегация халықаралық істер жөніндегі министр Петер Фридрихпен кездесіп, федералдық жер экономика министрлігінде «Қазақстан - Баден Вюртемберг компаниялары үшін әлеуетті нарық» тақырыбы бойынша өткен Дөңгелек үстел жұмысына қатысты, сондай-ақ логистика және экологиялық таза ауыл шаруашылық өнім түрлерімен айналысатын жергілікті фирмалармен келіссөздер өткізді.
MeWa Recycling зауытында делегацияға жоғары экологиялық стандарттарының талаптары мен нормаларға сәйкес қызмет ететін қалдықтар өндеу индустриясына арналған заманауи қондырғылар көрсетілді. Promondis компаниясымен энергиямен қамтамасыз етудің тиімді және тәуелсіз ең жаңа технологияларын енгізу мүмкіндіктері талқыланды. ProMinent Dosiertechnik компаниясымен өткен келіссөздер барысында су саласындағы, оның ішінде сумен қамту мен суару тәсілдерінің озық шешімдер бойынша ынтымақтастық мүмкіндіктері талқыланды.
В2В форматында өткен кездесулер мен экономикалық шаралар аясында неміс тарапы облыстың экономикалық әлеуеті мен өңірлік компаниялар мүмкіндіктерімен мағыналы түрде таныстырылды. Өңірлер арасындағы экономикалық ынтымақтастықты нығайту мен жоғары технологиялар трансфертіне жол ашу туралы маңызды уағдаластықтарға қол жеткізілді. Бірлескен жобалардың жоғары дәрежелі мазмұндылығы мен инновациялық құрамдас бөлігіне бұл ретте негізгі назар аударылды. Оңтүстік Қазақстан облысы делегациясының сапары шеңберінде екі елдің кәсіпорындары арасында бір қатар маңызды іскерлік келісімдерге қол қойылды.
Жамбыл облысы делегациясы сапарының ең басты мақсаттарының бірі - «Тараз» аграрлық-өндеу логистикалық орталығын құру жобасының тұсаукесері болды.
Берлинде делегация логистика, құрал-жабдықтар өндіру және жеткізу, өндеу және сақтау, құрылыс, баламалы энергетика салаларындағы ірі неміс компанияларымен, сондай-ақ болашақ орталықтың әлеуетті операторлары және құрылып жатқан бірлескен кәсіпорынның инвесторларымен келіссөздер өткізді.
Сонымен қатар, «биоөнім» брендімен экологиялық таза көкөністер мен жемістерді Германия нарығына экспорттау мәселелері бойынша келіссөздер өтті. Неміс тарапы осы тақырыпқа ерекше мүдделілігін танытып, герман тұтынушылары тарапынан биологиялық өнімге қатысты өсіп келе жатқан қызығушылық жайлы атап өтті.
Жамбыл облысы ГФР бейінді компанияларын биылғы жылы жарияланған Тараз қаласын сумен қамтамасыз ету жүйесін жаңарту бойынша тендеріне қатысуға шақырды. Неміс фирмалары бұл ұсынысқа қатысты қызығушылықтарын танытып, өздері шығаратын суды тазалау және тасымалдау қондырғыларының (құбырлар, сорғыштар) жоғары сапасы туралы атап өтті.
Сонымен қатар, делегация Caspari фирмасының биогаз өндіру бекетін аралады, Water Future Systems компаниясының су-тамшылы суару жүйелерін шығару нысандарында, сондай-ақ Eifel & More Kompanie құрылыс-технологиялық паркінде болып қайтты.
Экономикалық шаралар мен іскерлік келіссөздер аясында неміс тарапына Жамбыл облысының экономикалық әлеуеті мен өңір кәсіпкерлерінің мүмкіндіктері көрсетілді. Озық технологиялар трансфертіне жол ашу және өңірлер арасындағы өзара ынтымақтастықты белсенді түрде дамыту жөніндегі маңызды уағдаластықтарға қол жеткізілді. Басты назар бірлескен жобалардың мазмұндылығын арттыру мен жоғары инновациялық құрылымдық компоненттеріне аударылатын болды. Жамбыл облысы делегациясының сапары шеңберінде екі елдің кәсіпорындары арасында бірқатар маңызды іскерлік келісімдерге қол қойылды.