Жамбылдық полицейлер «Іздеу» операциясының 4 күнінде 27 қылмыскерді іздеп тапты
Із-түзсіз жоғалған 57 тұлға, сондай-ақ 119 танылмаған мүрденің тұлғасы анықталды. Бұл туралы Жамбыл облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен хабарлады.
«Операцияның мақсаты - оперативті жағдайды тұрақтандыру, қылмыс жасады деп айыпталған және тергеу органдарынан және соттан қашып жүрген тұлғаларды іздеу және ұстау, жоғалған адамдарды табу, танылмаған мүрделердің тұлғаларын анықтау болып табылады», деді департаменттің қылмыстық полиция басқармасы бастығының орынбасары Дмитрий Құрбанов ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында. Оның айтуынша, мұндай операцияны жүргізудегі маңызды сәттің бірі - іздеудегі тұлға бой тасалап жүруі ықтимал іс барысында анықталған барлық мекен-жайлар бойынша қатар тексеру жүргізу мүмкіндігі болып табылады.
Мысалы, наурыздың 24-інде облыстық департаменттің қылмыстық полиция басқармасы мен Тараз Ішкі істер басқармасының қызметкерлері өткен жылдың желтоқсан айында тараздық 24 жасар бойжеткенді өлтіргені үшін іздеуде жүрген Байзақ ауданы Сарыкемер ауылының 22 жастағы тұрғынын ұстады.