Жамбылдық полицейлер Талас ауданының 76 жастағы тұрғынының өлімін ашты

Жәбірленушінің Талас ауданы Қасқабұлақ ауылының 76 жасар тұрғыны екені анықталды, ол егде жасына қарамастан отбасылық шаруашылығын сәтті жүргізіп келген. Қария тамыздың басында өзінің шаруашылығындағы жұмысшысымен бірге жоғалып кетеді. Ол кезде зейнеткер өзінің малшысымен ауылдан қаладағы мал базарына оншақты қойды сату үшін кеткен болатын. Туыстары қарияны «іспен айналысып жүрген шығар, әлі де келіп қалар» деген үмітпен оны іздеуге асықпады, деп хабарлайды облыстық ІІД баспасөз қызметінен Роза Қалдыбекова.
Жамбыл облысы ІІД Криминалдық полиция басқармасының бөлім бастығы, полиция подполковнигі Ардақ Мадимаровтың айтуынша, ұрлық пен алаяқтық қылмыстары үшін үш рет сотты болған 26 жасар Андрей жауыздықпен кісі өлімін жасады. Ол тергеу амалдарын шатастыруға тырысып, жауапкершіліктен қашпақ болған.
«Базарда қойларды сәтті сатқан соң, мейірімсіз күдікті сенгіш зейнеткерді Шөлдала ауылында тұратын анасына алдап әкеледі. Жомарт қария Андрейдің анасына сыйлықтар мен азық-түліктер сатып алады. Шын мәнінде, ол жігітке баласындай қарайтын және оны жанына жақын тарта еркелетіп, бастан-аяқ киіндіретін. Малшының қарияны жек көруіне және сыйламауына ешбір себеп болмайтын. Андрейдің анасының үйінен қайтқан соң, олар аялдамаға қарай бет бұрады. Бос қалған ғимараттың маңында қария кенеттен сүрініп кетіп, қалтасынан ақшалары шашылды. Сол сәтте жігіт сұмпайылықпен жердегі тасты алып, оның соңғы демі үзілгенше басынан қатыгездікпен ұра бастады... Осылайша ол өзінің қожайыны әрі тәлімгеріне «алғысын білдірді». Қылмыс куәгерлерінің болмауы бұл кісі өліміне қатысты тергеу ісін қиындата түсті. Әйтсе де, қашқын ауылдың орталық базарында сауда-саттық жасап жүрген жерінен ұсталды», - деп хабарлады аға офицер А.Мадимаров.
Осы жылы жамбылдық тәртіп сақшылары 67 кісі өлімін ашты, оның ішінде бұрын жасалғандары - 12, өткен жылғылары - 6. Мәселен, қазіргі уақытта 35 жасар жүкті әйелдің өліміне күдікті 29 жастағы қала тұрғынының ісі сот қарауында. Бірнеше пышақ жарақаты салынған мұғалім мәйіті 2005 жылы қалалық аурухана маңындағы Достоевский көшесі бойынан табылған. Бұл іс бойынша бес жыл көлемінде іздестіру шаралары жүргізілді. Полицейлер дәлелді айғақтар мен бірнеше куәгерлерді тапты. Олар оқиға болған күні жәбірленушіге келген жас жігітті таныды.