Жаңа акционерлер FTSE-100 индексіне қосылып отырған Қазақмыс компаниясының акцияларын иелену артықшылығына ие болды

Бағдарлама 12-қыркүйектен 31 қазанға дейінгі аралықта әрекет етті. Атаулы акцияларды Ұлыбританияның қаржылық реттеу және қадағалау жөніндегі басқармасының ресми тізіміне қосу әрі акцияларды Лондон қор биржасының сауда алаңында шығаруға рұқсат алуға тапсырыс берілді. Компания қатысушыларға акциялар тапсыруын 31 желтоқсаннан кешіктірмей жүзеге асыратын болады.
Жаңа акционерлер FTSE-100 индексіне қосылып отырған ірі де ашық компанияның акцияларын иелену артықшылығына ие болады. Бұл жоғары өтімділікті бағалы қағаздардың қамтылғандығы, дивидендтер алып отыру мүмкіндігі, диверсификацияланған бизнесте қатысу, сонымен қатар акционерлердің жалпы жиналыстарында дауыс беру құқығы.
Жарияланған науқанның аясында Қазақмыс корпорациясы миноритарлы қатысушыларының өз үлестерін Kazakhmys PLC акцияларына айырбастап алу мүмкіншілігі ғана емес, сонымен қоса, қолма-қол ақшалай қаражатқа да айырбастау мүмкіндігі ұсынылған болатын. Өткізілген науқанның қорытындылары бойынша Kazakhmys PLC сатып алған үлестердің жалпы саны айырбастау науқаны басталғанға дейін миноритарлы қатысушыларға тиесілі болған барлық үлестердің 53 пайызын құрайды. Науқанның қорытындысы бойынша Қазақмыс корпорациясы жарғылық капиталындағы миноритарийлердің үлесі 0,27 пайыздан 0,14 пайызға дейін кеміді.
Компания «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС миноритарлы қатысушыларынан түскен көптеген өтініштер бойынша үлестерді үшінші мәрте сатып алуда. Бұған дейін осындай бағдарламалар 2004 және 2007 жылдары өткізілген болатын.