ЖАҢА ИНДУСТРИЯЛАНДЫРУ: Алматыда энергия үнемдейтін үйлер салу жобасын жүзеге асыратын өндіріс орны ТМД-дағы ең ірі зауыт атанбақ (ФОТО)

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстандағы жаңа индустрияландыру жобасының бірінші кезеңі көптеген салада өндіріс ошақтарының қарқын алуына жол ашты. Мемлекеттік қолдаудың арқасында отандық өндіріс орындары жаһандық талаптарға сай құрылыс материалдарын өндіруді жолға қойды.
None
None

Бүгінде ірі мегаполис саналатын Алматы қаласында салынып жатқан үлкен ғимараттардың әйнектерінің барлығы дерлік «Қазәйнекқұрылыс» компаниясының өнімдері екендігі рас.

Олардың ішінде сауда орындары, мәдени орталықтар, бизнес орталықтар, әуежайлар, қонақ үйлер, спорт сарайлары бар.

Кеше индустрияландырудың екінші кезеңіне асқаралы мақсатпен аяқ басып отырған «Қазәйнекқұрылыс» компаниясының Алматыдағы шыны өңдеу зауытына барып, өндіріс процесін өз көзімізбен көріп қайттық.

«Қазәйнекқұрылыс» - Орталық Азиядағы ең ірі шыны өңдеу зауыты. Ол құрылғалы бері 250 нысан шынымен қапталды. 2,5 млн шаршы метр әйнек шығарылды.

Айта кету керек, 2014 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазәйнекқұрылыс» компаниясының Астанадағы зауытын салтанатты түрде іске қосқан болатын.

Астана мен Алматыдағы екі зауыттың өндірістік қуаты жылына 880 мың шаршы метр шыныпакеттерін шығаруға мүмкіндік береді. Зауыт ішінде өнімнің сапасын тексеретін техникалық зертхана бар. Өндіріс орны ең заманауи құрал-жабдықпен қамтылған.

Бұл зауытта бүгінде 140 адам еңбек етіп отыр.

Ең алдымен, шетелден жеткізілген шикізат - шыны LISEC (Австрия) жабдығында қажетті пішінде кесіледі.

Одан соң шыныны қауіпсіз ету үшін әрі тесу үшін итальяндық Busetti Intermac Forvet өндірістік желілері қолданылады. Бұл кезеңде шынының қырлары доғалданып, шетіндегі қысым алынады. Сонда шыны төзімді келеді. Одан кейін қауіпсіз шыны Tamglass станогында шыңдалады. Температурасы 700 градус болатын пеште шыңдалған шыны өңделмеген шыныдан 5 есе мықты болады. Ондай өнімнен көбіне балкон, баспалдақ жақтаулары, фасад жасалады.

Сондай-ақ, зауытта шыныны түрлі түске бояп, түрлі қажетті пішінде бүгуге мүмкіндік беретін станоктар бар. Тапсырыс түсіп жатса, түрлі пішіндегі шыны пакеттері санаулы минуттарда дайын болады.

Бүгінгі таңда энерготасымалдаушылардың бағасының артуына байланысты сәулет саласында тұрғын үй болсын, коммерциялық ғимарат болсын энергия үнемдейтін шыны пакеттерін шығаруға баса мән беріліп отыр.

Осындай жылу шығармайтын, суық кіргізбейтін сапалы өнім автоматты шыныпакетін құрау жүйесінде жасалады.

Ерекше талғампаз клиенттер үшін әйнекке баспамен сурет басуға мүмкіндік беретін цифрлық баспа цехы жұмыс жасап тұр.

Мұнда қажетті сурет керамикалық краска арқылы шынының құрамына терең ендіріледі. Сосын шыңдау пешінде 700 градус ыстықта шыңдалады.

Компанияның маркетинг бойынша директоры Басымов Дарынның айтуынша, зауыт өнімдері «жасыл экономика» принциптеріне толықтай жауап береді.

«2017 жылы елімізде «ЭКСПО-2017» көрмесі өтеді. Оның негізгі құрылыс материалдарының бірі - әйнек. Біздің зауытымыз ең алдымен сол ЭКСПО нысандарын толық қамтамасыз етуі керек. Сондай-ақ, қазір Қазақстанда құрылыс қарыштап дамып келеді. Біздің өніміміз, бірінші кезекте экологиялық тұрғыдан қауіпсіз, энергия үнемді, жазда күннің ыстығын, қыста суықты өткізбейді. Өнімнің қауіпсіздігін арттыру үшін Еуропадан 3 пеш әкелінген. Оның барлығы 100 пайызға толық жұмыс істеп жатыр. Екіншіден, біз Орта Азия елдерінде бірінші болып баспамен фасад өндіруді игердік. Оның ерекшелігі ұзаққа шыдап, ғимаратқа көркем келбет береді. Мұндай фасадтар тек Астана емес, Алматының көптеген ғимараттарына «Достық Плаза», «Мега» деген сауда орталықтарына қойылды. Сондай-ақ, өнімдерімізді Орта Азия елдеріне экспорттап отырмыз. Болашақта экспорт нарығын да кеңейтіп, Монғолияға шығарсақ деген ойымыз бар», - деді Д.Басымов.

Айта кету керек, «Қазәйнекқұрылыс» компаниясы 3 жыл қатарынан инновациялық грант ұтып алды. «Даму» қорының «Өндіріс», «Өндіріс-2» бағдарламаларының аясында жеңілдетілген несиеге де қол жеткізген.

Қазір Астанадағы зауытта 80 адам жұмыс жасап жатыр. Алматыда 140 адам еңбектенуде.

Аталған компания басшылығы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін де естен шығармайды.

Келер жылы зауыт Алматы әкімінің шешімі бойынша Алатау индустриялық аймағынан бөлінген 6 га жерге көшеді.

Жаңа өндіріс орны - Алматы зауытынан екі есе үлкен, ТМД елдеріндегі ең ірі зауыт болады.

Компания басшылығы ескі зауыттың орнында «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы бойынша ауданы 110 мың шаршы метр болатын 22 тұрғын үй салып, 1611 адамды баспанамен қамтымақшы.

Олардың жартысы кезектегі баспанаға мұқтаж адамдар болса, жартысы «ҚазҚұрылысӘйнек» компаниясында 10 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан ардагер қызметкерлерге беріледі. Үйлерді сату «Самрұқ-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры арқылы жүзеге аспақ. Жаңа тұрғын үй кешені жылу энергиясын үнемдеу технологиясымен салынады. Жылу қуатын үнемдейтін шыны пакеттерін қолдану 30 пайызға дейін энергия шығынын азайтуға мүмкіндік береді. Бұл - энергия үнемдейтін үйлер салу бойынша Алматыдағы қанатқақты жоба болмақ.

Соңғы жаңалықтар