Жаңа индустрияландыру: Екінші бесжылдық тұсында БҚО-да 50,8 млрд. теңгеге сегіз инвестициялық жобаны іске қосу көзделуде
БҚО кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Аслан Жақыповтың айтуынша, осы жобалар іске қосылғанда, 389 жұмыс орны ашылатын болады. Мысалы, алдағы жылы 2,3 млрд. теңгеге үш жоба (191 жұмыс орны) жүзеге аспақшы. Бұлар - Теректі ауданындағы «B.N.GASOLL.PROCESSING» (бұрынғы «B.N. Western Munai Gaz Ltd») ЖШС-ның қуаты жылына 200 мың тонна өнім шығаратын мұнай өңдейтін зауыт өндірісін кеңейту, Зеленов ауданы Мичурин ауылында «Родник» фирмасы» ЖШС-ның ауыз су өндірісі кешені және «Орал «Зенит» зауыты» АҚ-да салмағы 600 тоннаға жететін жаңа тұрпаттағы кемелер мен басқа да ірі өнімдер шығаруды жолға қою. 2019 жылы «Гидроприбор» ҒЗИ» АҚ-да құны 300 млн. теңге тұратын шағын кемелер жобасын (55 жұмыс орны) жүзеге асыру ойластырылуда.
Биыл 48,1 млрд. теңге тұратын төрт жоба (143 жұмыс орны) іске қосылмақшы. Атап айтқанда, «Конденсат» АҚ К5 экологиялық сыныптағы моторлы отын өндірісін (жылдық қуаты - 600 мың тонна) жолға қоймақшы. Мұнда құрылыста 850 адам жұмыс жасауда, жаңа өндірісте 28 маман еңбек орнын табатын болады. Екінші жоба - «Батыс Пауэр» ЖШС-ның газтурбиналы электр стансасының (қуаты - 200 МВт) бірінші кезегін (100 МВт) іске қосу. Мұның тиімділігі сол, жергілікті шикізат негізінде электр қуатын өндіру оның сырттан әкелінуін азайтумен бірге 70 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. «Аквамәдени тәжірибе-өнеркәсіп өндірісі оқу-ғылыми кешені» ЖШС қара уылдырық пен тауарлы бекіре өндіретін аквамәдени кешенін іске қосқанда, 40-тан астам жұмыс орны ашылмақшы. Жылына 131 тонна балық еті мен 10 тонна уылдырық өндіруді көздейтін бұл жобаның құны 4,5 млрд. теңге шамасында. Бөкей ордасы ауданында Б.Жұмағұлованың жеке кәсіпкерлігі ауысымына жарты тонна сүт өңдейтін жаңа цех (3 жұмыс орны) салуда. Бұлардың бәрінде жұмыс кестеге сәйкес жүріп жатыр, өндіріс орындары биылғы екінші жартыжылдықта пайдалануға берілмекші.
Жалпы, Индустрияландыру картасы аясында өңірде 308,7 млрд. теңгеге 40 инвестициялық жоба (2279 жұмыс орны) жүзеге асырылып жатса, соның ішінде бірінші бесжылдықта (2010-2014 жылдары) 257,9 млрд. теңгеге 32 жоба (1,9 мың жұмыс орны) іске қосылды. 32 жобаның ішінен 21-і жобалық қуатының 70 пайыздан астамына, төртеуі 50 пайыздан астамына шықты, қалғандарында жұмыс кезең-кезеңмен жүргізілуде.
Әрине, ірі жобаларды жүзеге асыру үшін сонша көлемде қаржы тарта білу де қажет. Облыста бұл бағытта тиісті жұмыстар атқарылуда. Мысалы, «Akgun Group» түрік компаниясының қатысуымен индустриялық аймақ құрудың тұжырымдамасы жасалды. Жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін «НефтестройСервисЛТД» ЖШС жасауда. Индустриялық аймақты құруға түрік тарапынан «Akgun Group» (құрылыс қызметі, соның ішінде индустриялық аймақ құру), «Osmanoglu PVC» (құрылыс материалдары өндірісі, құрылыс жабдықтары), «Turkuaz Cable» (күштік және жоғары вольтті кабельдер, коммуникация желілері өндірісі), «Orsan Textile» (тоқыма және тері бұйымдары), «Poyraz Group» (тұрмыстық химия, минералды су, тоқыма және киім) сияқты компаниялар мүдделілік танытуда. Сол секілді «Оралагрореммаш» АҚ венгриялық «Евопро» компаниясымен инновациялық жолаушылар автобустарын құрастыруға ниеттенуде. Биылғы 16-17 қарашада Будапешт қаласында өтетін VІІІ Венгрия экономикалық форумы аясында қос компания бірлескен өндірісті одан әрі нақтыламақшы. «Гидроприбор» ҒЗИ» АҚ франциялық «ECA ROBOTICS» компаниясымен суасты робот үлгілерін жасап шығаруды ойластыруда. Алдағы уақытта «ECA ROBOTICS» компаниясы робот техникасының өзге де бағыттары бойынша ынтымақтастық аясын кеңейте түспекші.
Отандық тауар өндірушілерді қолдау бағытында қазақстандық үлесті арттыру күн тәртібінен түспейді. Осы орайда жыл басынан бері екі форум ұйымдастырылды. Алғашқы кеңестің қорытындысы бойынша БҚО әкімдігі мен іргелі кәсіпорындар арасында сегіз меморандумға қол қойылды. Өңірде ірі кәсіпорындармен жасалған 79 меморандум нәтижесінде 21504 жұмыс орнын сақтап қалуға күш салынуда. Қазақстандық үлесті арттыру бағытында БҚО әкімдігі, ұлттық компаниялар, жер қойнауын пайдаланушылар және отандық тауар өндірушілер арасында 42 млрд. теңгеге 20 меморандумға қол қойылды. Оған қоса «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг б.в.» компаниясы мен облыстың тоғыз кәсіпорны арасында 21 млрд. теңгеге меморандум жасалды. Осы меморандумдар нәтижесінде облыс кәсіпорындары 23,6 млрд. теңгенің келісім-шартына қол қойды. Биылғы 3 маусымда өткізілген екінші форум аясында жер қойнауын пайдаланушылар, мемлекеттік ұйымдар мен отандық кәсіпорындар арасында 2,9 млрд. теңгеге 19 меморандум жасалып, 14 келісім-шартқа қол қойылды.
Елбасымыз «Нұрлы жол - болашаққа барар жол» атты Жолдауында жаңа экономикалық саясатты жария еткені мәлім. Мемлекет басшысы сонымен қатар «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру жолында негізгі бес реформаның қатарында индустрияландыру мен экономикалық дамуды атағаны мәлім. Сондықтан осы аса маңызды құжаттарды басшылыққа ала отырып, жаңа индустрияландыру бағытында алдағы уақытта да тың қадамдар жасалатын болады.
Айта кетейік, биылғы алғашқы жартыжылдықта облыс экономикасына 111,3 млрд. теңге инвестиция қосылды, бұл өткен жылғыдан 13,9 пайызға артық. Өнеркәсіпке 88,7 млрд. теңге инвестиция (өсім - 17,5 пайыз), соның ішінде өңдеу өнеркәсібіне 6,1 млрд. теңге (бұл былтырғыдан 71,6 пайызға көп) бағытталып отыр. Сыртқы инвестициялар көлемі 33,5 пайызға ұлғайып, 63,7 млрд. теңгеге жетті.